Атырау облысына әкім болуы мүмкін үміткерлер туралы тың деректер шықты

16.07.2026 22:20 Қарақат АСЫЛОВА
Атырау облысына әкім болуы мүмкін үміткерлер туралы тың деректер шықты
779

17 шілдеде Атырау облыстық мәслихатының депутаттары өңірдің жаңа әкімін тағайындауға келісім беру мәселесін қарайды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ақ Жайыққа сілтемемен.

Ресми шешім жарияланғанға дейін сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары бірнеше ықтимал үміткердің есімін талқылап жатыр.

Ең жиі аталып жүрген кандидаттардың бірі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов. Батыс Қазақстан облысының тумасы мұнай-газ саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын мұнай және газ өндіру операторы ретінде бастап, кейін Энергетика министрлігінде жер қойнауын пайдалану мен мұнай-газ химиясы бағыттарына жетекшілік еткен. 2024 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы болып тағайындалды. Сарапшылар оның салалық тәжірибесі мұнайлы өңір үшін маңызды болуы мүмкін екенін айтады.

Тағы бір ықтимал үміткер – Алибек Қуантыров. Ол бұрын Ұлттық экономика министрі қызметін атқарып, кейін мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар лауазымда жұмыс істеді. Атырау облысының тумасы саналатын Қуантыров инвестиция тарту, өңірлерді дамыту және экономикалық саясатты қалыптастыру бағытында тәжірибе жинаған. Оның қызметіне қатысты сын көбіне үкіметтің жалпы экономикалық саясатына байланысты айтылған.

Талқыланып жатқан есімдердің қатарында Жұмабай Қарағаев та бар. Ол әр жылдары Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған, мұнай-газ саласында жұмыс істеген. Қазір «Атамекен» ҰКП жанындағы мұнай-газ саласы комитетінің төрағасы. Оның есімі 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары қарсаңындағы Маңғыстауда сұйытылған газ бағасына қатысты жағдайдан кейін кеңінен белгілі болды.

Сондай-ақ ықтимал кандидаттардың қатарында Болат Қонарбайдың есімі де аталып жүр. Жақында ол Атырау облысындағы «Әділет» партиясының филиалын басқаруға кірісті және «Атырау» футбол клубының құрылтайшысы атанды. Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған.

Алайда аталған есімдердің ешқайсысы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Соңғы шешім 17 шілдеде қабылданады. Сол күні Президент ұсынған кандидатқа мәслихат депутаттары келісім берген жағдайда, Атырау облысының жаңа әкімі ресми түрде жарияланады.

Войдите, чтобы оставить комментарий