Атышулы VIP жеңгетай «Айканың» сыбайласы бостандыққа шықты

04.06.2026 11:05 Әсел МҰРАТ
Атышулы VIP жеңгетай «Айканың» сыбайласы бостандыққа шықты
200
Фото: Instagram/LoveAika

Ішкі істер министрлігі «жеңгетай» Айка деген атпен танымал элиталық эскорт-қызметтер желісін ұйымдастырушының сыбайласы бостандыққа шыққанын мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Түрме мерзімі айыппұлмен алмастырылды

Tengrinews.kz сауалына берілген жауапта «жеңгетей» Айканың сыбайласы Т.-ның түзеу мекемесінен шыққаны айтылған. Ол 2024 жылы адамдар тобы болып жеңгетайлыққа жәрдемдескені үшін 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын (ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 309-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы).

Жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылған.

«Сауалда көрсетілген сотталушы соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеді. Сот органдары жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сотталғандарға қатысты материалдарды қарау және шешім қабылдау тек соттың құзыретіне жатады», – деп хабарлады ІІМ Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.

Бұл ретте ІІМ оның жазаның қанша бөлігін колонияда өтегенін және нақты қашан бостандыққа шыққанын нақтыламады.

Айка пробация шарттарын қалай сақтап жүр?

25 қарашада бостандыққа шыққаннан кейін қазақстандық «жеңгетай» Айка әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, суреттерін жариялай бастады.

ІІМ сотталушыға елден шығуға тыйым салынғанын еске салды.

«Сотталушы пробация қызметінің есебінде тұр, заңнамада көзделген және сот жүктеген міндеттер мен белгіленген тәртіпті, шектеулерді сақтайды. Сот үкімі мен белгіленген міндеттерге сәйкес, сотталушыға әлеуметтік желілерді жүргізуге және жарияланымдар орналастыруға тыйым салынбаған. Қолданыстағы заңнама талаптарына немесе белгіленген шектеулерге қайшы келетін жарияланымдар анықталған жағдайда, сотталған адамға қатысты заңда белгіленген тәртіппен шаралар қолданылады. Бүгінгі таңда мұндай фактілер анықталған жоқ», – деп атап өтті ведомство.

Айка бұған дейін не үшін сотталған?

2024 жылы 21 мамырда Алматының Әуезов аудандық соты блогерді жеңгетайлықпен айналысқаны және аса ірі мөлшерде психотроп затты заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша кінәлі деп таныды. Сот оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Оның сыбайласына 3 жыл 8 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айка кім және несімен танымал?

Айка Алматыдағы элиталық эскорт желісінің ұйымдастырушысы ретінде танымал. Алайда ол өзін блогер ретінде көрсетіп, Instagram парақшасында сән-салтанатқа толы өмірін жариялап жүрген. Ол жиі шығатын саяхаттарын, қымбат сыйлықтарын және люкс автокөліктерін көрсететін фото-видеолар жүктейтін.

Айканың Instagram аккаунтында 120 мыңнан астам жазылушы болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол Алматыда элиталық эскорт желісін ұйымдастырып, модельдік келбеті бар қыздарды ауқатты клиенттермен байланыстырып отырған. Қыздарға ол «демеуші табу», пайдалы таныстықтар орнату және әлемді көру мүмкіндігін уәде еткен.

«Айка тізімі»

2023 жығы желтоқсанда желіде «Айканың тізімі» тарады. Бұл құжаттар топтамасында блогер Айка М.-нің элиталық эскортының ықтимал клиенттерінің жеке деректері бар деген мәлімдеме жасалған. Тізімде ондаған есім аталды – арасында эстрада әртістері мен кәсіпкерлер бар делінген. Құжатта жыныстық қызмет көрсетті деген қауесетке іліккен қыздардың да есімдері көрсетілген. Сондай-ақ, онда телефон нөмірлері, мекенжайлар мен лауазымдар берілген.

Бұл тізім блогер 2023 жылы маусымда ұсталғаннан кейін тарай бастаған.

2024 жылы 20 наурызда Ішкі істер министрі Ержан Сәденов "Айканың тізімінің" таралуына қатысты пікір білдіріп, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Кейін 2024 жылғы сәуірде бұл іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген.

2025 жылғы 25 қарашада Сәденов "тізім болды, ІІМ ол бойынша қылмыстық процесс аясында жұмыс істеді" деп мәлімдеді.

«Айка тізімін» кім таратты?

Кейін ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс материалдарын жария етті деген күдікпен Антикор тергеу жүргізгенін хабарлады. Алайда іс кейін тоқтатылған. Полицейлердің әрекетінен қылмыс құрамы табылмаған.

Ал тізімде аты аталған тұлғалардың өздерін жауапкершілікке тарту мәселесіне келсек, ведомство олардың әрекеттерінде қандай да бір құқықбұзушылық құрамы жоқ екенін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий