«Ауру өршіп тұр»: Екпе алмаған балалар сабақтан уақытша шеттетіледі
Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцина алмаған оқушылар уақытша сабаққа жіберілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, қызылша деректерінің артуына байланысты қосымша алдын алу шаралары енгізіліп жатыр. Білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда күн сайын таңғы медициналық тексеру енгізіледі. Онда балалар да, педагогтер мен тәрбиешілер де жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен қызылша белгілеріне тексеріледі. Егер ауру жағдайы анықталса, екпе алмаған оқушылар уақытша сабақтан шеттетіледі.
Қаулыда ұжымдық иммунитетке қатысты нақты талап көрсетілген: мектепке дейінгі әрбір топта вакцинамен қамту деңгейі кемінде 90 пайыз болуы керек.
Сархат Бейсенова індет күшейген кезде қолданылатын алгоритмді де түсіндірді. Оның сөзінше, қызылша аса жұқпалы инфекция болғандықтан, ең алдымен науқас бала оқитын сынып тексеріледі. Кейін бүкіл мектеп бойынша вакцина алмағандарды анықтау үшін іріктеу жүргізіледі. Тіпті сырқат оқушы дәлізбен өтіп, артынан екпе алмаған балалар жүрген жағдайда да жұқтыру қаупі жоғары екенін атап өтті.
Ол сондай-ақ 21 күнге созылатын шектеу кезеңінде вакцина алмаған барлық бала, соның ішінде медициналық қарсы көрсетілімі барлар да уақытша оқшауланатынын айтты. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Вакцинациядан өтпеген балалар қауіп тобына жатады, ал осы мерзім ішінде екпе салуға болмайды. Сондықтан оларды инфекция көзінен алшақ ұстау қажет. Ал денсаулығында қарсы көрсетілімі жоқ балалар қосымша вакцина алуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар