Ауыл шаруашылығы қорының басшысы қамауға алынды
 
                                Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Даниярбекұлы Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемденді деп айыпталуда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу деректеріне сәйкес, Омаров қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру арқылы мемлекет қаржысын жымқырған. Бұл қылмыстық іске ол өзімен байланысты «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Рүстем Сазынбекті тартқан.
Аталған ЖШС басшысы бағдарламаға қатысушы ретінде көріну үшін өз достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Бұл компаниялар іс жүзінде ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған.
Осы жалған құжаттардың негізінде Қорға 1,4 миллиард теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер беріліп, Қор басшысы Омаров оларды кедергісіз мақұлдап отырған. Бәсекелестік ортаны айналып өтіп, байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде тек «Green Mart Kazakhstan» ЖШС таңдалған.
Қаражат түскеннен кейін, оның бір бөлігі жалған кәсіпорындардың есепшоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар, жабдықтар нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбатқа жеткізіліп, кейбір жұмыстар мүлдем орындалмаған.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 430 миллион теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта соттың санкциясымен Қордың бұрынғы төрағасы Жандар Даниярбекұлы Омаров екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Бұған қоса, осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, олардың 4 автокөлігі тәркіленгені белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                            