«Ауылыңа кет»: Алматыда қазақша жазғаны үшін жұмысқа алмаған әйел жазаланды
Алматыда жұмыс іздеп, қазақ тілінде жазған адамды балағаттаған әйел 10 тәулікке қамалды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Ольга Добынина деген атпен танылған оның тегі Солошенко екені белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев полициядан алған ресми жауабына сүйеніп хабарлады.
Полицияның мәліметінше, Түрксіб аудандық полиция басқармасына прокуратурадан әйелдің жүрген жерін анықтап, тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма түскен. Тәртіп сақшылары іздестіру жүргізіп, Солошенко Ольганы тауып, полиция бөліміне жеткізген.
Одан оқиғаның мән-жайы туралы түсініктеме алынған. Кейін жиналған материалдар сотқа жолданды.
Сот әйелді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Ол Алматы полициясының арнайы қабылдау орнына қамалған.
Алайда заңгер Мейірман Шекеев бұл жазамен келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, әйелдің әрекетін тек ұсақ бұзақылық деп қарастыру жеткіліксіз болуы мүмкін.
Шекеев полицияға жазған арызында әйелдің әрекетінде Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген әлеуметтік, ұлттық немесе этностық алауыздықты қоздыру, болмаса 145-баптың 1-бөлігіндегі адамның тең құқықтылығын бұзу белгілері болуы мүмкін екенін көрсеткен.
Заңгер құзырлы органдардан әйелдің әрекетіне қатаңырақ құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы «Пенка» мейрамханасының қызметкері мен жұмыс іздеген азаматтың хат алмасуы тараған.
Жұмыс іздеуші қазақ тілінде жазған кезде мейрамхана атынан жауап берген әйел қазақша сөйлейтін қызметкер іздемейтінін айтып, оны балағаттаған.
Тараған жазбаларда әйелдің «Всякую шваль я не собираюсь брать на работу», «Учи язык», «Езжай в аул к себе и не позорь Алматы», «Позорище», «Кроме своего казахша ни х..я не умеешь» деген мазмұндағы сөздері болған.
Осы жағдай қоғамда қызу талқыланып, заңгер Мейірман Шекеев құқық қорғау органдарына арыз түсірген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында қазақтарды қорлаған Ольга есімді әйел ұсталған болатын.
Соңғы жаңалықтар