"Әйелім салды": Алматыда ер адам жұбайының қолынан ауыр жарақат алғанын айтты
Алматыда ер адам жұбайына күш қолданып, кейін өзін пышақтады деп оған жалған айып таққан. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Медеу ауданының тұрғыны 102 арнасына қоңырау шалып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, күйеуі бірнеше күн қатарынан ішімдік ішіп, үйде жанжал шығарған әрі оған қол жұмсаған. Оқиға орнына жеткен полицейлер ер адамның мас әрі өте агрессивті екенін растады.
"Оқиға орнына полицейлер дереу жетті. Айтылған ақпарат расталды. Ер адам мас күйде болып, өзін агрессивті ұстаған. Оқиға барысында оның бұрынғы жарақатының ашылғаны анықталып, жедел жәрдем шақырылды. Кейін ер адам пышақ жарақатын әйелім салды деп айтқан. Алайда бұл мәлімет расталмады. Кейіннен ол жарақатты бұған дейін басқа жағдайда алғанын өзі мойындады", — деп хабарлады полиция.
Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта әйелдің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, оған қорғау нұсқамасы шығарылды.
"Мұндай әрбір шақырту – жай ғана отбасылық жанжал емес. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр зардаптың алдын алуы мүмкін. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, уақыт жоғалтпай полицияға хабарласыңыз", — деп ескертеді полиция.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда күйеу баласы той үстінде қайын ағасын пышақтағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Соңғы жаңалықтар