Алматыда күйеу бала тойда қайын ағасын пышақтады (ВИДЕО)

01.07.2026 18:11 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда күйеу бала тойда қайын ағасын пышақтады (ВИДЕО)
900
Иллюстрация/Фото: ашық дереккөз

Алматыда екі жастың қуанышына ұласуы тиіс болған отбасылық басқосу қанды оқиғамен аяқталды. Болашақ күйеу жігіт қалыңдығының туған ағасына пышақ жұмсап, оны ауруханадан бір-ақ шығарған, деп хабарлайды Politico.kz.

Жағдай Бостандық ауданында орналасқан ірі сауда орталықтарының бірінің автотұрағында болған. Той қамымен жүрген болашақ туыстардың арасында аяқ астынан түсініспеушілік туындаған. Салдарынан сөзге келіспей қалған күйеу жігіт болашақ қайын ағасына суық қару қолданып, ауыр жарақат салады.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.

«Үйлену тойының қамымен аяқталуы тиіс болған отбасылық жанжал пышақ жарақатымен аяқталды. Ер адам мен болашақ жұбайының туған ағасы арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жанжал барысында күдікті қарсыласына пышақпен дене жарақатын салған», — дейді полиция.

Қылмыс жасаған күдікті алысқа ұзай алған жоқ. Алматы полициясы оны «ізін суытпай» жедел түрде құрықтады. Басты айғақ зат саналатын қылмыс құралы пышақ күдіктінің жеке автокөлігінен табылып, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Қазіргі таңда пышақ жарақатын алған азамат ауруханада жатыр, дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстауда. Оқиғаның нақты неден шыққанын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша жанжалға қатысушы әрбір азаматтың әрекетіне нақты құқықтық баға берілетін болады.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыдағы жеке үйлердің бірінің жертөлесінен полиэтиленге оралған ер адамның мәйіті табылған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий