Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституция жобасының маңызын түсіндірді

03.02.2026 09:36 Нақыпбек Фатима
Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституция жобасының маңызын түсіндірді
59
Фото: Sputnik / Владислав Воднев.

Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен құндылықтарын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында жаңа Негізгі заң жобасы талқыланды. Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, жаңа Конституция жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Айгүл Сәдуақасованың мәлімдеуінше, құжат мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады.

«Жарияланған Конституция жобасы, ең алдымен, біздің құндылықтар жүйемізді айқындайды. Преамбулада Қазақстан халқының біртұтас түсінігі мен өзімізді мыңжылдық Ұлы даланың ұрпақтары ретінде тануымыз нақты көрсетілген. Конституция тек Негізгі заң ғана емес, сонымен қатар болашақ дамудың бағдаршамы да», – деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.

Жобада цифрлық кеңістіктегі азаматтық құқықтарды қорғауға басымдық берілген.

«Қазір біз мына өмірден бөлек әлемде, цифрлық ортада да өмір сүріп отырмыз. Ол жерде де сол құндылықтар сақталып, адамның жеке кеңістігі мен деректерін қорғау құқығы құрметтелуі керек. Бұл ұстанымдар Конституция жобасында нақты көрсетілген», – деп түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, адам капиталын елдің басты ресурсы ретінде дамыту - негізгі басымдықтың бірі болып қалыпты. Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізі ретінде бекітілмек.

«Адам капиталы дамудың басты көзі болып қалған. Бұл білім беру, ғылым, денсаулық сақтау мен мәдениет жүйелері елдің тұрақты болашағын қалыптастыруға жұмыс істейді деген сөз. Жаңа жоба жаңа дәуірге білім, ғылым мен инновациялар арқылы қадам басатынымызды көрсетеді», – деді.

Сонымен қатар сарапшы жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншік құқығын қорғау кепілдіктері кеңейтіліп, цифрлық ортаны реттеудің жаңа тетіктері, соның ішінде дербес деректерді қорғау мен цифрлық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл нормалары енгізілетінін атап өтті.

«Бұл алаяқтық пен жеке ақпаратты заңсыз пайдалану жағдайлары жиі кездесетін цифрлық кеңістікте азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы маңызды қадам. Конституциялық нормалар жаңа ережелер мен тәртіпті қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті ол.

Бұдан бөлек, жоба билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен үкіметтің қоғам алдындағы есептілігін күшейтеді. Атап айтқанда, заң жобасын қараудың жаңа рәсімі енгізіліп, консультативтік және заңнамалық қатысу тетіктері кеңеймекші.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі одан әрі дамытылады. Бақылау мен жауапкершілік тетігі күшейіп, бұл басқарудың ашық әрі теңгерімді болуына ықпал етеді», – деп түйіндеді өз ойын сарапшы.

Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар жаңа Конституция жобасы тарихи және мәдени құндылықтарды құрметтеуді қазіргі және болашақ сын-қатерлерге жауап беруге дайындықпен ұштастыратын ел дамуының тұтас философиясын қалыптастыратынын атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий