Әзербайжан Ресейге жауап берді: Оренбург енді Орынбор болады

Ресейлік ТАСС агенттігі Әзербайжанның ашуына тиді. Себебі олар Қарабақтағы Айвазовскийдің ескерткішін сүргені туралы жаңалықта қала атауын Степанакерт деп жазып, Бакудің ресми ұстанымын елемеген.
Әзербайжан мұны елдің аумақтық тұтастығына құрметсіздік деп бағалап, сыртқы істер министрлігі ТАСС-тан кешірім сұрауды және мақаланы түзетуді талап етті. Бұған қоса, егер мұндай жағдай қайталанса, ресейлік БАҚ-тың жұмысына шектеу қоятынын ескертті.
Ресми Баку бұл жағдайға жауап ретінде Оренбург қаласын қазақша Орынбор деп атай бастайтынын меңзеді. Өйткені бұл қала кезінде Қазақ автономиясының астанасы болған.
ТАСС алғашында мақаласын Степанакертте Айвазовскийдің ескерткіші алынды деп жариялаған. Артынша Әзербайжан наразылық білдіріп, ол қаланың атауы Ханкенді екенін айтты. Агенттік тақырыпты өзгертіп, Таулы Қарабақта ескерткіш алынды десе, Баку тағы да қарсы шықты: Таулы Қарабақ деген әкімшілік бірлік жоқ, Қарабақ деген ұғым бар деді. Ақыры ТАСС тақырыпты Қарабақта Айвазовскийдің ескерткіші алынды деп түзетуге мәжбүр болды.
Осы жағдайдан кейін, Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі АЗЕРТАДЖ та үнсіз қалмады. Олар арнайы мәлімдеме жасап, ТАСС-тың тақырыпта қолданған Степанакерт атауын тарихтың қоқысынан сүйреп шығарған әрекет деп бағалады. Агенттіктің айтуынша, ТАСС бұған дейін ресми Ханкенді атауын қолданып келген, ал енді неге мұндай ескі сарынға көшкені түсініксіз.
АЗЕРТАДЖ-тың мәлімдемесінде ТАСС-тың бұл қадамы тек өзара серіктестікті шайқалтып қоймай, бүкіл Ресей медиасына қауіп төндіретіні ескертілген. Егер мұндай жағдай тағы қайталанса, Әзербайжан тарапынан жауап болады. Сол кезде Баку да Ресейдің бірқатар қалаларын ескі, тарихи атауларымен атай бастайтынын айтты.
— Біз ТАСС-пен достық байланысымызды сақтап қалғымыз келеді. Бірақ өзара құрмет болмаса, амалсыз шара қолдануға мәжбүр боламыз, — делінген мәлімдемеде.
Соңғы жаңалықтар





