«Әке-шешесінің қазасын білмейді»: Атырауда жақындарынан айырылған Ақбаянға мүгедектік берілді
Атырауда ата-анасы мен екі бауырынан қатар айырылған Ақбаян Мұқанғалиева қазір туыстарының қамқорлығында, деп хабарлайды Politico.kz.
KursivMedia тілшісі отбасының жақыны Әдемі Шылмағамбетовамен тілдесіп, Ақбаянның бірінші топтағы мүгедектік алып, қайтадан тігін тігу мен жазу-сызуды үйреніп жүргенін білді.
Туыстарының сөзінше, бойжеткен отбасының қаза тапқанынан әлі бейхабар. Дәрігерлер науқастың психологиялық жағдайын ескеріп, қаралы хабарды естіртуге қатаң тыйым салған. Ақбаянның өзі де ата-анасы мен бауырларын сұрамаған.
«Ақбаян қазір сіңілімнің қарауында, апта сайын психолог пен невролог мамандардың тексеруінен өтіп тұрады. Балалары жанында жүргенімен, бойында ешқандай эмоция жоқ, тіпті жыламайды да. Дәрігерлер ауруханадан шығарарда мидағы бір қан тамыры байланып қалғанын айтты», — деді туысы Әдемі Шылмағамбетова.
Осы қайғылы оқиғадан кейін отбасының Жангелдин ауылындағы қара шаңырағы бос қалған. Енді жақындары марқұмдардың аруағына бағыштап үлкен ас беруді жоспарлап отыр. Қамқоршылары Ақбаянның денсаулығы түзеліп, ортаға қайта бейімделуі үшін бар күшін салуда.
Соңғы жаңалықтар