"Азия" тобының әншісі: Айнаға қарағанда өзімнен қатты ұяламын
Белгілі әнші Ербол Шәріпов өзінің өнердегі мүмкіндіктерін пайдалана алмау өкініші, өмірдегі аңғалдығы мен халықтың тарихи тағдыры төңірегіндегі ойын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы әнші «Кездесу» подкастында айтып берді.
Әнші өзінің жас ерекшелігіне қарамастан, өнердегі потенциалы мен мүмкіндіктерінің әлі де жоғары екенін атап өтті. Ол ішкі жігері мен мүмкіндігін толыққанды іске асыра алмай жүргені үшін өзіне сын көзбен қарайтынын жеткізді.
«Кейде өзімнен қатты ұяламын. Өнерге деген... Айнадан өзімді көремін де: «Менде әлі де порох в пороховницах бар» — деймін ғой. Орыстар айтпақшы, «ещё есть порох в пороховницах». Менің әлі де мүмкіндіктерім көп. Осы жасқа дейін құлшынып, өнерде әлі өзімді көрсете аламын. Бірақ соны жақсы қолдана алмай жүргенім үшін өзімнен ұяламын. Айнаға қараған кезде: «Не істеп жүрсің сен, еркек?» — деп өзімнен қатты ұяламын. Содан ұялатын кездерім болады», — деді Ербол Шәріпов.
Өнер иесі адами қарым-қатынастардағы өзінің аңғалдығы мен адамдарға тым сенгіш қасиетіне тоқталды. Оның айтуынша, қаржылық немесе заттай мәселелерде басқаларға тез сеніп, алданып қалатын кездері жиі болады.
«Ой, білмеймін, адамдарды жамандау керек болады. Мен... Білмеймін. Қолымдағы бір нәрсені бере саламын. Ал мені алдап кету — түкке тұрмайтын нәрсе, шыны керек. Соңғы рет алданғаным қашан еді? Күнде алданамын десем де болады, шынымды айтсам. Әлі де сондай «лох» шығармын. Алдана беремін, алдана беремін... Жарайды енді, не кылсын», — деді әнші.
Сөз соңында Ербол Шәріпов жеке басындағы аңғалдықты ұлттық мінезбен байланыстыра отырып, қазақ халқының тарихи сынақтардан аман өтуін Жаратқанның сыйы ретінде бағалады. Ол еліміздің әлемдегі жер көлемі бойынша алып жатқан орны мен халықтың рухани кеңдігіне тоқталды.
«Негізі, бізге Жаратқан Иеміз соншама кең жерді беріп қойған ғой. Мұның барлығы тегіннен-тегін емес, бұл — біздің пешенеге жазылған несібеміз. Қаншама бізді алдаса да, малымызды тартып алса да, қаншама жылдар бойы бізді жоқ қылғысы келсе де, Жаратқан жерімізді өзімізге қайтарып беріп отыр ғой. Осы нәрсе сіздерді таңғалдырмай ма? Мені өте қатты таңғалдырады. Біз деген өте аңғал, өте кең халықпыз ғой. Біздің қаймағымызды сылып алса да, қаншама дүниемізді тартып алса да, қаншама жерімізді тартып алса да, Жаратқан бізді тоғызыншы орынға қойып отыр ғой. Қаншама мемлекеттің ішінде, білесіз бе? Сондықтан ойлаймын: сені қанша алдай берсе де, қанша «лох» қылса да, бәрібір Жаратқанның бергенінен айырмасын», — деді Ербол Шәріпов.
Соңғы жаңалықтар