Азияның ең бай адамы өмір бойына сотталды

20.08.2026 14:28 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Азияның ең бай адамы өмір бойына сотталды
176
Фото: Шэньчжэнь аралық халық соты

Қытайдағы тұрғын үй нарығы дағдарысының орталығында болған Evergrande компаниясының негізін қалаушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оның барлық жеке мүлкі тәркіленді, деп хабарлайды Politico.kz порталы BBC-ге сілтемемен.

Сәуір айында Хуэй Ка Янь бірнеше айыпты мойындаған болатын. Оның ішінде активтерді жымқыру және корпоративтік парақорлық фактілері бар. Шэньчжэнь қаласының орташа халық соты оның бұрынғы компанияларына да айыппұл салды. Құжаттарды қолдан жасау және қарызды жасыру сияқты қылмыстары үшін олар 15,82 млрд юань (£1,73 млрд немесе $2,35 млрд) төлеуі тиіс.

Бұл шешім Evergrande күйреуінің маңызды нүктесі болды. Ол Қытайдың жылжымайтын мүлік секторын дүрсілкіндіріп, инвесторлар мен банктерге ауыр соққы берді. Сот Хуэй мен оның кәсіпорындары Қытай нарығының жұмысын айтарлықтай бұзғанын мәлімдеді. Бұл елде үлкен экономикалық шығындарға әкеп соқты. Мемлекеттік БАҚ мәліметінше басқа да топ-менеджерлер жазаланды. Олардың қатарында Хуэйдің екі ұлы Сюй Чжицзянь мен Сюй Тэнхэ бар. Олар 22 айдан 18 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Бір кездері Азияның ең бай адамы атанған кәсіпкердің байлығы мен ықпалы компаниямен бірге жойылды. Сюй Цзяинь деген атпен де белгілі Хуэй Қытайдың ауылдық жерінде әжесінің қолында өскен. Ол 1996 жылы Evergrande компаниясын құрды. Қарызға алынған қомақты қаржы арқылы компанияны нарықтағы ең ірі ойыншыға айналдырды. Өзінің шарықтау шегінде компанияның биржалық құны $50 млрд асты.

Бірақ 2020 жылы Бейжің бұл сектордағы қарызды бақылау шараларын енгізді. Бұл шешім кәсіпорынға үлкен соққы болып тиді. Қарыз пайыздарын төлеуде қиындыққа тап болған компания 2021 жылы толық күйреді. Оған дейін аяқта тұрып қалу үшін жылжымайтын мүлікті үлкен жеңілдікпен сатқан еді.

Сәуір айында өткен сотта компанияның әлеуетті сатып алушылардан миллиондаған доллар алғаны айтылды. Бұл қаражат құрылысқа емес, жаңа нысандарды дамытуға жұмсалған. Салдарынан жүздеген жоба аяқталмай қалды. 2024 жылдың наурызында Хуэйге $6,5 млн айыппұл салынды. Компания табысын $78 млрд асыра көрсеткені үшін оған Қытайдың капитал нарығында жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынған еді.

Evergrande акциялары 2025 жылдың тамызында Гонконг биржасынан шығарылды. Оған дейін кәсіпорынның биржалық құны 99% төмендеп кеткен болатын. Сауда-саттық алаңында он бес жылдан астам уақыт болған компания осылайша нарықтан кетті. Оның күйреуі Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы құлдырауға себеп болды.

Бұл жағдай ел экономикасына әлі де ауыр тиіп отыр. Evergrande елдің құрылыс саласындағы ең ірі фирмасы болған кезде бұл сала Қытайдың ішкі жалпы өнімінің үштен бірін құраған еді. Тұрғын үй нарығы экономикалық өсімнің негізгі драйвері және жергілікті үкіметтердің маңызды табыс көзі болды. Саладағы үздіксіз проблемалар мен басқа да ірі құрылыс компанияларының қаржылық қиындықтары әлемдегі екінші ірі экономикаға айтарлықтай салмақ түсірді.

Войдите, чтобы оставить комментарий