Бағанашыл оқиғасы тағы бір Қаңтардың бастауы болмас үшін тоқтатылды?

Бағанашыл оқиғасы тағы бір Қаңтардың бастауы болмас үшін тоқтатылды?
29.07.2025 10:41
0
261
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: Getty Images)

Билік пен бедел

21 шілдеде Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру әрекетінің соңы дауға ұласты. Әлеуметтік желі мен БАҚ беттеріне полиция қызметкерлерінің әрекеттері бейнеленген видео тарап кеткесін жағдай ушықты. Бұған дер кезінде президент үн қатып, балалардың көшірілмейтіні туралы шешім қабылдады.

«Бағанашыл» кейсінің саяси астары бар ма?

Қазір ақпараттық кеңістікте даудың түрлі себебі айтылуда. Кейбіреулер жемқорлық тәуекелдері бар дейді. Тағы бір нұсқа бойынша балалар үйі тұрған жер құрылыс компанияларына қажет болған. Қандай себеп болса да, анық-қанығын тексеріс көрсетеді. Алайда терең талдайтын болсақ, мәселенің саяси астары бар екенін байқаймыз. Жергілікті шенеуніктер президенттің тапсырмаларын өз мақсаттарына қолдануы мүмкін.

Алматы облысын бөлу мен Алматы қаласынан оқу орындарын облысқа көшіру саясаты арасында байланыс бар ма?

Қасіретті «Қаңтар оқиғасынан» кейін Қасым-Жомарт Тоқаев билікті толық өз қолына алды. Осылайша транзит ресми аяқталды. Алайда институционалды деңгейде транзит енді ғана басталған болатын. Билік тармақтары мен қоғамдық тәртіп «Ескі Қазақстан» құрған саяси режим ережесімен өмір сүрді. Сондықтан Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы халыққа жолдауында түбегейлі саяси реформаларды жариялады. Олардың ішінде әкімшілік-аумақтық өзгерістерді атап өткен жөн.

Президент жолдауында Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Ұсыныс жүзеге асып Алматы және Жетісу облыстары құрылды. Ірі облысты бөлуге бірнеше себебі бар еді.

Біріншіден, біртұтас облыс болған кезде бюджет ортақ болды. Бұл облыстың біртұтас дамуына кедергі келтірді.

Екіншіден, облыс халқы көп, өмір сүрі тығыздығы өте жоғары. Сондықтан оны екіге бөлу арқылы басқаруды жеңілдету көзделді.

Үшіншіден, ірі өндірістік және туристік орындар қазіргі Алматы облысы аумағында орналасқан. Олардан түскен табыс облыстың бюджетіне құйылады. Ал Талдықорған қазіргі Жетісу облысында еді. Бұл халықтың әлеуметтік-психологиялық жағдайына кері әсер етті. Себебі Алматы облысы халқы Жетісулықтарға қарағанда әлеуметтік жағдайы төмен болған.

Бұдан бөлек облысты бөлудің саяси астары да бар. Билік Алматы қаласында халық санын азайтуды көздеуі мүмкін. Бақылаусыз миграция мен өзге өңірлердегі әлеуметтік жағдайдың нашар болуы адамдарды қалаға көшуге итермеледі. Ал халық тығыз қоныстанған сайын қақтығысқа бейім бола түседі. Бұған қалалықтарда тарихи тұрғыда қалыптасқан либералды-демократиялық көзқарастарды қоссақ «молотов коктейлі» пайда болады. Алматы қаласында «Қаңтар оқиғасының» салдары жойқын болуы сөзімізге дәлел.

Сондықтан Үкімет жаңадан құрылған Алматы облысының көркеюіне көңіл бөлуде. Тек әлеуметтік-экономикалық емес, білім мен ғылымға да инвестиция құйып жатыр. Мысалы, 2022 жылы облысқа сапарында Қонаев қаласында академиялық қала салуға тапсырма берген. Академикалық қалаға Алматыдан ЖОО мен колледждерді көшіру жоспарланған. 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі 4 ЖОО көшетіні туралы мәлімдеген.

Меніңше, Бағанашылдағы балалар үйін көшіруде жергілікті шенеуніктер президенттің тапсырмасын өз мақсаттарына қолданған секілді. Оқу орындарын көшіру бастамасының аясында осы идеяны ұсынуы мүмкін. Бірақ соңы қалай аяқталғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан Үкімет «Бағанашыл» кейсін Алматының оқу орындарын облысқа көшірер кезде ескеруі тиіс.

Әзірге қандай оқу орындары көшіліретіні белгісіз. Ақпараттың ашық болмауы болашақта дау тудыруы мүмкін. Мысалы, 2023 жылы Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Қонаев қаласына көшеді деген жалған ақпарат тарап қоғамда дау туғызды. Алматылық азаматтық белсенділердің арасында билік ҚазҰУ-ы көшіріп, оның орнына тағы сауда кешендері мен көпқабатты үйлер салуды көздеп отыр деген пікір тарады.

Сондықтан Үкімет қаладан облысқа оқу орындарын көшірер кезде «Бағанашыл» және «ҚазҰУ» кейстерін ескеруі тиіс.

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий