Балаларды кімнен қорғаймыз?

29.05.2026 17:47 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Балаларды кімнен қорғаймыз?
239
Коллаж Politico.kz

Халықаралық балаларды қорғау күні бастапқыда соғыс жылдарында жетім қалғандарды қолдау мақсатында бекітілгенімен, қазіргі бейбіт уақытта кәмелетке толмағандарды қылмыскерлерден, ата-анасынан және өз-өзінен арашалау мәселесі өткір күйінде қалып отыр, деп хабарлайды finprom.kz сараптамалық порталы.

Жасөспірімдердің өтпелі кезеңдегі эмоциясы мен балалардың бейқамдығы көбіне түрлі жазатайым оқиғаларға соқтырып жатады. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының дерегінше, өткен жылы елімізде 179,6 мыңнан астам бала түрлі жарақат алып, уланған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгілер қатары 138,3 мыңды құраса, 15 пен 17 жас аралығындағы 41,3 мың жасөспірім зардап шеккен. Бұдан бөлек Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті биылғы қаңтар мен сәуір айларында 74 баланың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Жалпы суицид көрсеткіші бір жыл ішінде 13,7 пайызға өскенімен, суицид жасауға талпыну әрекеттері біршама азайған.

Ересектер тарапынан жасалатын қылмыстардың статистикасы да алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Биылғы алғашқы төрт айда 1,5 мыңға жуық бала қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары. Өткен жылы жалпы саны 3,5 мың кәмелетке толмаған тұлға зәбір көрген, оның ішінде 543 бала соққыға жығылып, 480-нен астамының денсаулығына қасақана зиян келтірілген. Сонымен қатар 700-ден астам қазақстандық бала жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстың құрбанына айналып, олардың 17-сі венерологиялық ауруларды, ал екеуі адамның иммунтапшылығы вирусын жұқтырған. Мұнымен қоса 29 бала саудаға түсіп, бесеуі ұрланған және үшеуі заңсыз бас бостандығынан айырылған.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі бала психикасына өшірілмес із қалдыратыны сөзсіз. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары дайындаған ұлттық баяндамаға сүйенсек, бала күнінде зәбір көргендердің басым бөлігі зорлықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды және мұндай адамдардың 13 мен 15 пайызы аралығы балалар ренішті тез ұмытады деп санайды. Зорлықсыз өскен ересектердің 71,6 пайызы қол көтеру балаға психологиялық жарақат әкеледі деп есептесе, зәбір көргендердің арасында бұл көрсеткіш небәрі 48,2 пайызды құраған. Сауалнамаға қатысқандардың 8 пайызы тәрбиелік мақсатта күш қолдануды құптаса, 29,5 пайызы кейбір жағдайларда рұқсат етуге болады деп есептейді, ал респонденттердің 60,5 пайызы ғана бұл әрекетке үзілді-кесілді қарсылық білдірген.

Балаларды тек сыртқы қауіптен ғана емес, сондай-ақ олардың өздерін қылмыстық ортадан да арашалау өте маңызды. Өткен жылы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың саны бірден 30,5 пайызға артып, 2,5 мың адамға жеткен. Олардың небәрі 10 пайызы теріс қылықтарға жол берсе, қалған 90 пайызы ауырлығы әртүрлі дәрежедегі қылмыстар жасаған. Тіпті осы балалардың жартысы, яғни 1,1 мың жасөспірім бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған аса ауыр қылмыстарға күдікті ретінде танылған. Алайда биылғы жылдың алғашқы төрт айында жағдай сәл тұрақтанып, қылмыс жасаған жасөспірімдердің саны 8,3 пайызға төмендеп, 665 адамды құрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий