Баян Алагөзова: Балаларыма аз уақыт бөлдім деп өзімді кінәлаған емеспін

12.09.2026 21:00 Томирис САҒЫНДЫҚ
Баян Алагөзова: Балаларыма аз уақыт бөлдім деп өзімді кінәлаған емеспін
122
Фото: Баян Алагөзованың Instagram парақшасынан

Отандық продюсер әрі медиатұлға Баян Алагөзова отбасылық өмір, бала тәрбиесі және мансап арасындағы тепе-теңдікті қалай ұстанып жүргені туралы айтып берді. Сұхбатында ол аналық міндетке қатысты көзқарасын, жеке ұстанымдарын және өмірлік басымдықтарын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Баян Алагөзова бұл туралы Аман Тасығанға берген сұқбатында әңгімеледі. 

Продюсер аналық жауапкершілік пен жеке тұлға ретінде қалыптасудың ара-жігін ашып, бала тәрбиесінде өзін кінәлі сезінбейтінін атап өтті.

«Аналық міндетіме келсек, менде ешқашан «асыра ана болу» сезімі болған емес. Үлкен қыздарым да белсенді жұмыс істейтін ананың қолында өсті. Балаларыма аз уақыт бөлдім деп ешқашан өзімді кінәлі сезінген емеспін. Қазір Айсауле мен Айару сияқты өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, маған «бір нәрсені дұрыс істемедің» деп кінә артпайтын екі ересек қызды көріп отырсыздар. Мен сапалы уақыт өткізгенді жөн көремін. Кейбір аналар таңнан кешке дейін баланың қасында болып, жөргек ауыстырып, ботқа дайындаумен айналысады. Ал менде бұл шаруаларды атқаратын көмекшілер әрдайым болды. Мен үшін ең бастысы – тұлға болып қалыптасу. Балаларым үшін кім екенім маңызды болды. Өзін толықтай бала тәрбиесіне арнайтын аналарды «қате істеп жатыр» дегім келмейді, бұл – олардың таңдауы. Ал менің таңдауым басқаша. Өзімді дамыту мен үшін өте маңызды, сондықтан қазір балаларыма үлгі болып отырмын. Бала туып, оларды өсіріп, жақсы білім мен тәрбие бере алдым, бірақ өзімді де уақытында ұмытқан жоқпын. Осы ұстанымды кіші балаларыма да қолданамын. Ертең балаларымның маған: «Мама, бізді туып алып не істедің? Қасымызда бос отырдың ба?» дегенін қаламаймын. Мен оларға өмір сыйладым, ал ары қарай ертең балаларым «Мамама ұқсағым келеді» деп айтуы үшін жұмыс істеуге кеттім», – деді Баян Алагөзова.

Сонымен қатар Баян Алагөзова тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, кіші балаларымен «сапалы уақыт» өткізуді әрдайым басты орынға қоятынын жеткізді.

«Жақында балаларыммен бір апта бойы бірге болдым: Францияға, Астанаға бардық. Таңнан кешке дейін қастарында болып, сапалы уақыт өткіздім. Мұражайларға, океанариумге, саябақтарға бардық, көшеде серуендедік, бірге таңғы және кешкі асты іштік. Қазір жұмысқа оралдым, сізге сұхбат беріп отырмын, бұдан кейін жұмысқа барамын, ал кешке балалармен бассейнге барамын. Бассейнде бір сағаттай бірге шомыламыз, олар мамасымен бассейнге баратынын біледі. Үлкен балаларыма да дәл осылай уақыт бөлгенмін. Бала күтушілерге төлей алатын ақшам барда, қымбат уақытымды соған жұмсамаймын. Баланы бағатын күтушілерім өте керемет, балалар да оларды жақсы көреді, бірақ балаларым мені бәрібір ерекше жақсы көреді. Менің олардың анасы екенімді біледі. Әр түнде шөлмектері мен емізіктерін ұстап, қасыма келіп ұйықтайды. Менімен құшақтасып, сүйісіп, төсекте ойнағысы келеді. Олар анасы қашан сапалы уақыт бөле алатынын жақсы біледі», – деді ол.

Продюсерлік қызмет пен жеке өмірін қатар алып жүрген танымал тұлға өз таңдауларында теңгерімді ұстанатынын айтты.

«Продюсерлікке келсек, бұл да өмірімнің басты мәні емес. Ол – өмірімнің мәнін құрайтын бөлшектердің бірі ғана: балаларым, отбасым, күйеуім, жұмысым. Осының бәрі бір-бірімен өте үйлесімді. Кейбір әйелдер өзін толығымен карьераға арнайды, ал мен олай етпеймін. Маған ұнайтын жерде істеймін, өзіме ұнайтын істі жасаймын. Баланы да өзім қалаған кезде тәрбиелеймін. Сондықтан өзімді тек «карьериспін», «жынды анамын» немесе «күйеуім үшін бәрін ұмытқанмын» деп бөле-жара айта алмаймын. Барлығына теңгеріммен қараймын. Өзіме де, балаларға да, жұмысқа да, достарыма да, анама да уақыт табамын. Таңертең оянғанда өзімнен: «Баян, бүгін не қалайсың?» деп сұраймын. «Бүгін жұмыста болып, мына шаруаны бітіргің келе ме? Жақсы. Бүгін анаңа барғың келе ме? Жоқ, бүгін барғым келмейді, ертең немесе бүгіннен кейін барамын. Содан соң құрбыларыммен мейрамханаға барып араласқым келеді. А, бүгін күйеуіммен киноға барғым келеді». Мен өзімді ештеңеге зорламаймын. Өзімнен «не қалайсың?» деп сұрай алатын жасқа да, мәртебеге де жеттім», – деп толықтырды ол.

Сұхбат барысында медиаөкіл қоғамдық міндеттерге емес, өз қалаулары мен ішкі еркіндігіне сүйеніп шешім қабылдайтын жасқа жеткенін тілге тиек етті.

«Бүгін сұхбатқа келгім келді – келдім. Келгім келмесе – келмес едім. Бұрын «сұхбат беруім керек, бұл – менің жұмысым, ақпараттық кеңістікте болуым керек, жаңалықтармен бөлісуім керек» деп ойлайтынмын. Динара Сәтжан маған: «Үнемі ақпараттық кеңістікте болуың керек, өз істеріңді бөлісіп отыруың керек, әйтпесе халық ештеңе істемей жатыр деп ойлайды» дейді. Бөліспесем, бөліспей-ақ қояйын, не болыпты! Алайда ол: «Жоқ, сұхбаттарға бару керек!» дейді. Сізге дейін 10 адамға сұхбат беруден бас тарттым. Өтірік емес, 10 сұхбатқа «жоқ, бермеймін» дедім. Сіздерге де бірнеше рет кейінге қалдырдым. Бірақ көмекшілеріңіз өте табанды екен. Аман Тасығанға бармағалы 10 жыл болыпты, жарайды, барайын дедім. Қаладым – келдім. Қаламасам – бармаймын. Суретке түскім келмесе – түспеймін. Ұйықтағым келсе – ұйықтаймын. Тамақ ішкім келсе – ішемін, диета ұстағым келсе – ұстаймын. Ең бастысы, ең алдымен өзімнен: «Не қалайсың?» деп сұраймын», – деп түйіндеді Баян Алагөзова.

Войдите, чтобы оставить комментарий