Балқашта Қазақмыстың ең үздік мамандары марапатқа ие болды

17.07.2026 14:44 Қарақат АСЫЛОВА
Балқашта Қазақмыстың ең үздік мамандары марапатқа ие болды
55
Фото: KAZAKHMYS

Балқаш қаласында кәсіби мерекеге орай «Қазақмыс» корпорациясының үздік мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталып, компанияның алдағы жоспарлары таныстырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Металлургтер күні Балқаш жұртшылығы үшін ең басты мерекелердің бірі саналады. Қазіргі таңда қалада 6 мыңнан астам адам осы өндіріс саласында еңбек етеді. Олардың басым бөлігі атадан балаға жалғасқан металлургтер әулетінің ізбасарлары.

Салтанатты жиын барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын құттықтап, 100 жылдан асатын ортақ еңбек өтілі бар Ақбергеновтер әулетін көпке үлгі етті. Өңір басшысы үздік жұмыскерлерге «Еңбек Даңқы», «Құрметті металлург» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальдарын табыстады.

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс», – деп бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл сөздің сіздерге тікелей қатысы бар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Қарағанды облысындағы металлургия саласы Қазақстан экономикасының негізгі тірегінің бірі болып қала береді. Өткен жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,3 трлн теңгеден асты, оның шамамен 3,8 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде. – Бүгінде сала кәсіпорындары болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Заманауи технологиялар енгізіліп, экологиялық стандарт күшейтілуде, жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен саланың ең басты құндылығы – адам болып қала береді. Сіздердің біліміңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз металлургия саласының тұрақты дамуына серпін беруде", – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қабылданатын әрбір шешімнің негізінде адам денсаулығы мен қауіпсіздігі тұратынын мәлім етті.

"2026 жылдың бірінші жартысында Балқаш мыс балқыту зауыты 96 мың тоннадан астам катодты мыс шығарды. Бұл көрсеткіш – сіздердің күнделікті тынымсыз еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің нақты нәтижесі. Біз өндірістік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, жабдықты жаңғырту, еңбеккерлердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Биыл Балқаш мыс балқыту зауытында ауқымды күрделі жөндеу бағдарламасы іске асырылып жатыр. ПВ-1 және ПВ-2 балқыту агрегаттарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ғимараттардың шатыр жабыны жаңартылып, нөсер кәрізі жүйесі ауыстырылуда. Сонымен қатар кәсіпорынның техникалық жарақтандырылуы күшейтіліп, ауа баптау жүйелері орнатылуда. Жыл соңына дейін Балқаш өндірістік алаңына жалпы құны 166 млн теңгеден асатын екі заманауи жедел медициналық жәрдем көлігі сатып алынады. Одан бөлек «Гигиена» корпоративтік бағдарламасы аясында 2026 жылы әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 24 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 754 млн теңге бағытталды", – деп мәлімдеді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Өндірістің дамуы аймақтағы өмір сүру сапасын арттырумен тығыз байланысты екені де назардан тыс қалмады. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің сөзінше, компания қаржыны тек зауыттарды жаңғыртуға емес, қалалық инфрақұрылымды, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға бағыттап отыр.

"Компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының жалпы портфелі шамамен 45 млрд теңгені құрайды. Балқаш қаласында жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру қолға алынды. Алдағы жылдары мұнда заманауи балабақша және спортпен шұғылдануға, белсенді демалысты ұйымдастыруға, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін дамытуға арналған спорттық-туристік база салынады. Бұл – қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инвестиция, сонымен қатар қала болашағына қосылған үлес", – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Балқашта Металлург күнін тойлау ауқымды мәдени бағдарламамен жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін отбасылық ойын-сауық шаралары, спорттық жарыстар және танымал әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шара отшашумен қорытындыланады.

Войдите, чтобы оставить комментарий