Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевқа қатысты тоқтатылған істі қайта ашты

Нұрбол Назарбаевқа қатысты бұрын тоқтатылған қылмыстық іс бойынша қосымша тергеу басталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстан Бас прокуратурасы Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты қосымша тергеу басталғанын растады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Ринат Зайыттың депутаттық сауалына берген ресми жауабында айтылған.
Ведомствоның хабарлауынша, бұған дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті кәсіпкер Қуат Ерментаевтың арызы негізінде «PORUS» ЖШС жарғылық капиталының 16 пайыз үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеген.
Алайда 2024 жылдың 22 ақпанында іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Бас прокурордың жауабына сәйкес, кәсіпкер Қ. Ерментаевтың уәждерін ескере отырып және сотқа дейінгі іс материалдарын қосымша зерттеуден кейін, 2025 жылдың 9 қазанында бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды.
«Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті істің мән-жайын жан-жақты және объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу амалдарын жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеу барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында», – делінген Бас прокурордың жауабында.
Бұл мәселенің қайта көтерілуіне депутат Ермұрат Бәпидің Бас прокурорға жолдаған сауалы түрткі болған. Депутат өзіне Қарағанды тұрғыны Қуат Ерментаевтан қайталап арыз түскенін, онда кәсіпкер Нұрбол Назарбаевтың қатысуымен болған рейдерлік басып алудың құрбаны болғанын айтқанын жеткізген.
Бұған дейін Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тануды сұрап сотқа жүгінгені туралы ақпарат тараған болатын.
Соңғы жаңалықтар





