Баян Алагөзова: Қызым менен сепарациялануы үшін Астанаға көшіп кетті

23.09.2026 16:54 Томирис САҒЫНДЫҚ
Баян Алагөзова: Қызым менен сепарациялануы үшін Астанаға көшіп кетті
130
Фото: instagram.com/aiaru_bb/?hl=ru

Продюсер Баян Алагөзова үлкен қызы Айарудың жеке өмірі, білімі мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді. Өнер иесі бойжеткеннің дербес өмір сүруге ұмтылысы, шетелдегі оқуы және жаңа кәсіпті меңгеру бағытындағы қадамдарын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Баян Алагөзова Аман Тасығанмен болған сұқбатта айтты. 

«Менің үлкен қызым Айару – өзіндік көзқарасы бар, ерекше тұлға. Ол анасынан және әжесінен психологиялық тұрғыда бөлініп, дербес өмір сүргім келеді деп Астана қаласына көшіп кетті. Негізі ол маған өте бауыр басқан, жаныма жақын жүретін бала еді. Менімен әрдайым құшақтасып, бірге киноға, мейрамханаға баруды, ашық сөйлесуді ұнататын. Мен оған өскенін, кішкене сіңлілері бар екенін және уақытымның шектеулі екенін айтып, түсіністік танытуын сұрадым. Ол мұны қабылдап, елордаға қоныс аударды», – деді Баян Алагөзова.

Сондай-ақ продюсер қызының біліміне тоқталып, оның әртүрлі саланы меңгеруге деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда ол өзін-өзі дамыту үстінде. Америкалық жоғары оқу орнын үздік көрсеткіштермен бітірген. Мамандығы – халықаралық қатынастар. Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеуге толық мүмкіндігі бар. Соған қарамастан, оның оқуға деген құштарлығы өте жоғары. Әртүрлі курстарға қатысады: неміс және француз тілдерін меңгерді, гольф ойнауды, фортепианода ойнауды үйренді. Жақын арада ол Францияға жарты жылға кондитерлік өнерді меңгеруге аттанғалы жатыр. Мен: "Бұл саған не үшін қажет? Барлық рецепттерді жақсы білесің ғой" десем де, ол өзінің кәсіби біліктілігін растайтын сертификат алғысы келетінін айтты. Болашақта бұл сала ұнап жатса, Париждегі кондитерлерді 5 жыл дайындайтын жоғары оқу орнында оқуды жоспарлап отыр. Бұл дайындық оған кез келген халықаралық мекемеде шеф-аспаз болып жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Баян Алагөзова.

Баян Алагөзованың айтуынша, бойжеткен елге оралған соң жеке кәсібін бастауды көздеп отыр. Сонымен бірге ол қыздарымен арадағы берік сенімге негізделген қарым-қатынасын сөз етті.

«Ол жарты жылдан кейін елге оралып, өзінің жеке кондитерлік өндірісін ашуды көздейді. Қазірдің өзінде ғимарат іздестіріп, құрал-жабдықтар қарастыруда. Негізгі бағыты – бірегей, авторлық рецепт бойынша жартылай фабрикаттар дайындау. Бүгінгі таңда да біздің арамыздағы байланыс үзілген емес, телефон арқылы ұзақ сырласамыз. Ол өмірлік жаңалықтарымен, ішкі толғаныстарымен ашық бөліседі. Үлкен қыздарыммен осындай сенімді қарым-қатынас орната алғаныма қуанамын, бұл кіші балаларымды тәрбиелеуде де жақсы үлгі болады деп есептеймін. Тойда болғанда қызымның құрбылары біздің арамыздағы достық пен сенімге таңғалатындарын айтады. Қызым кез келген тығырыққа тірелгенде менімен кеңеседі. Мен оған өз пікірімді білдіргеніммен, соңғы шешімді өзіне қалдырамын. Яғни, оның жеке шекарасын құрметтеймін. Балаларымның кез келген мәселе бойынша ешбір тосқауылсыз менімен кеңесе алуы – мен үшін өте маңызды», – деді Баян Алагөзова.

Войдите, чтобы оставить комментарий