Берлинде Ресейге тыңшылық жасаған Қазақстан азаматы ұсталды – БАҚ
Германия астанасында әскери көліктерді суретке түсіріп Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы қамауға алынды, деп хабарлайды euronews басылымы.
«Ер адам кем дегенде 2025 жылдың мамыр айынан бастап Германия аумағынан Ресейдің барлау қызметімен тұрақты байланыста болған», – деп мәлімдеді неміс прокуратурасы.
Басылымының жазуынша Сергей К. есімді азамат Берлиндегі ғимараттар мен тасжолдағы әскери көліктерді суретке түсіріп, жиналған құпия ақпаратты орыс барлаушыларына беріп отырған. Ол Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі мен дрон жасайтын қорғаныс кәсіпорындары туралы мәліметтерді тасымалдап қана қоймай, ел арқылы өткен НАТО-ның басқа да әскери колонналарын фотоға түсірген.
Бұдан бөлек күдікті Германия ішінде диверсия жасауға қолайлы нысандарды іздеп, тыңшылар тобына жаңа адамдар тартуды ұсынған. Сейсенбі күні тәртіп сақшылары оны ұстап, өзінің және іске қатысы жоқ тағы бір адамның тұратын жеріне тінту жүргізді. Сәрсенбіде Сергей К. сот алдына жеткізіліп, оны тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарылады.
Соңғы жаңалықтар