"Бізге өз тілімізде сөйлеуге және намаз оқуға рұқсат беріңіздер": Атырау зауытының жұмысшылары Тоқаевқа үндеу жолдады

07.07.2025 08:59
0
403
Фото: caspianlife.kz

Атырау зауытының жұмысшылары Тоқаевқа үндеу жолдады: «Бізге тілімізде сөйлеуге және намаз оқуға мүмкіндік беріңіздер»

Атырау облысындағы вагон құрастыру зауытының жұмысшылары Президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ тілшісі HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап. Онда қызметкерлер жұмыс орнындағы тілдік теңсіздік пен діни бостандық мәселесін көтеріп отыр.

Олардың сөзінше, зауыттағы жұмысшылардың 90 пайыздан астамы - қазақстандықтар. Алайда басшылық құрамда мемлекеттік тілді білмейтіндер көп. Бұл тіл табысуды қиындатып, күнделікті өндірістік үдерісте түсініспеушілік туғызып отыр.

«Біз қазақ тілін меңгерген, қос тілді еркін білетін азаматтардың басшылыққа тартылғанын қалаймыз. Бұл - тіл теңдігі ғана емес, кәсіби әділеттің де талабы», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ жұмысшылар зауытта діни сенімге қысым жасалмауын сұрайды. Құрбан айт сынды маңызды мерекелерде құттықтау болмағанын, ал жұма намазына уақыт сұрағандарға түсіністік танытылмағанын алға тартты.

«Жұма намазына бір сағат сұрағанда да рұқсат берілмейді. Сұрағандар жұмысынан айырылудан қорқады», - дейді қызметкерлер.

Олар арнайы шағын бөлме бөліп, жұма күндері қысқа үзіліске рұқсат беру зауыт жұмысына кедергі болмайтынын, қайта адам рухын көтеріп, адал еңбекке ынталандыратынын айтып отыр.

«Бұл - шағым емес. Біз келісім мен өзара құрметке үндейміз», - дейді зауыт жұмысшылары.

Атырау вагон құрастыру зауыты - Texol компаниялар тобы іске қосқан ірі өндірістік жоба. 2023 жылы пайдалануға берілген бұл кәсіпорын жылына 8 мыңға дейін жүк вагоны мен цистерна шығаруға қауқарлы. Жоба индустрияландыру мен импортты алмастыру саясаты аясында жүзеге асырылған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий