Boeing ұшағы теңізге құлады

Гонконгта Boeing ұшағы теңізге құлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Гонконг әуежайында Emirates әуе компаниясының ұшағы ауыр апатқа ұшырады. "Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Boeing 747 жүк ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, теңізге құлаған.
Қайғылы оқиға 20 қазан күні таңғы сағат 3:50 шамасында болған. Оқиға салдарынан екі адам бірден теңізге батып кетті. South China Morning Post басылымы олардың қаза тапқанын растады.
Экипаждың тағы төрт мүшесін құтқарушылар аман алып қалды. Олар дереу ауруханаға жеткізілген, денсаулықтарына айтарлықтай зақым келмегені белгілі болды.
Жергілікті полицияның алдын ала болжамы бойынша, әуе кемесі ұшу-қону жолағында тұрған жердегі қызмет көрсету көлігімен соқтығысқан.
Билік өкілдері апат кезінде ауа райының қалыпты, ұшуға қауіпсіз болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ұшу-қону жолағының жағдайы барлық талаптарға сай болған. Әуе кемесі қонар алдында ешқандай дабыл белгісін бермеген.
Соңғы жаңалықтар





