Астанада автобус жолақысы 150 теңгеге көтеріледі

15.10.2026 • 11:08 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада автобус жолақысы 150 теңгеге көтеріледі
169
Фото: t.me/avtobyskz

Астанада қоғамдық көлікте жүру ақысы қазан айының соңына қарай қымбаттайды. Жаңа тариф бойынша қала ішінде автобуспен жүру құны қолма-қол ақшасыз төлегенде 150 теңге болады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда да осы тариф қолданылады. Ал экспресс автобустарда жол жүру ақысы 300 теңгеге дейін көтеріледі.

Жолаушылар жолақыны қолма-қол төлесе, қала ішінде 300 теңге, ал экспресс автобустарда 400 теңге төлейді.

Қала маңына қатынайтын автобустарда жол жүру ақысы қашықтыққа қарай есептеледі. Қолма-қол ақшасыз төлегенде әр шақырымға 13 теңге, қолма-қол төлегенде 19 теңге алынады.

Жеңілдік берілген көлік картасы бар жолаушылар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда бұрынғыдай тегін жүреді.

Қаулыға сәйкес, электрондық төлем жүйесі істемей қалса, жолақыны электрондық билетпен немесе қолма-қол ақшасыз төлеу қызметтерімен төлейтін жолаушылар тегін жүре алады.

Жаңа тарифтер қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Еске салайық, қазан айының басында Астанада автобус тарифін көтеру жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Әкімдік мұны тасымалдаушылардың шығыны өсуімен түсіндірген.

Қала билігінің мәліметінше, қазіргі тариф қоғамдық көліктің шығынын, автобустарды жаңарту мен бағыттарды дамытуға кететін қаржыны толық өтемейді.

Бастапқыда жолақыны 1 желтоқсаннан бастап 150 теңгеге көтеру ұсынылған. Бірақ жаңа тариф қазан айының соңына қарай енгізілмек.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий