Бұрынғы әйелнің үйіне бірнеше рет барып, жанжал шығарған ер адам қамауға алынды

19.09.2026 16:25 Қарақат АСЫЛОВА
Бұрынғы әйелнің үйіне бірнеше рет барып, жанжал шығарған ер адам қамауға алынды
301
Фото: gov.kz

Жамбыл ауданында 62 жастағы ер адам бұрынғы бірге тұрған әйеліне қатысты шығарылған қорғау нұсқамасын бірнеше рет бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері әйелдің мекенжайына отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты төрт рет хабарлама түскен. Тексеру барысында ер адамның бірнеше жыл бойы бұрынғы бірге тұрған әйелінің үйіне келіп, жанжал шығарып, оның отбасы мүшелеріне қорқыту сөздерін айтқаны және әйелге күш қолданғаны анықталған. Әйелдің мүгедектігі бар.

Бұған дейін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда ол белгіленген талаптарды қайтадан бұзған.

Сот ер адамды Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Қаулы 4 тамызда қабылданған.

Войдите, чтобы оставить комментарий