«БҰҰ жарғысы жеңсік ас емес» - Тоқаев Астанадағы экологиялық саммитте халықаралық ұйымдарды сынады
Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын қалауыңа қарай өзгертетін құжат емес екенін айтып, халықаралық ұйымдардың жұмысын сынады, деп хабарлайды Politico.kz.
Елордадағы көрме орталығында Орталық Азия елдері мен өзге де мемлекет басшыларының қатысуымен экология және биоалуантүрлілікті сақтауға арналған ауқымды жиын басталды. Жиын барысында сөз алған президентіміз бұл шараның дәл Жер күнімен тұспа-тұс келуінің маңызы зор екенін және экология тек климатпен шектелмейтінін жеткізді.
"Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз.
Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді.
Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі.
Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды.
Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі аумалы-төкпелі кезең миллиондаған адамның тұрмысына ауыр тиіп жатқанын ескерткен Тоқаев экологияға жұмсалуы тиіс ресурстардың зая кетіп жатқанына қынжылыс білдірді.
«Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады, әйтсе де ол қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес», – деді мемлекет басшысы.
Президент бұл жарғыны біртұтас құжат ретінде қабылдап, оның ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салды.
"Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз.
Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ.
Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр.
Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады.
Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз.
Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді.
Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес.
Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн.
Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет.
Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті", – деді Президент.
Бұл диалог алаңына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Моңғолия, Грузия президенттері мен Әзербайжан премьер-министрі, сондай-ақ БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері қатысып жатыр.
Жиынның басты мақсаты қоршаған ортаны қорғау және су мен жер ресурстарын бірлесе пайдаланудың ортақ саясатын қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жаңалықтар