«Чемпиондарды туып, Өзбекстанға да пайда әкелмек»: Бибісараның болашақ қайын атасы елді елең еткізді
Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары Комил Синдаров журналист Олимжон Усаровқа берген сұхбатында немересі, гроссмейстер Жавохир Синдаров пен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның алдағы некесіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Комил Синдаровтың пікірінше, болашақ жұбайлардың кәсіби қызығушылықтары бір-біріне жақын. Жавохир жылдың басым бөлігін шетелде өткізіп, халықаралық турнирлерге қатысады. Сондықтан оның жары шахматты жақсы түсінетін адам болғаны маңызды.
«Егер Жавохирді шахматтан хабары жоқ қызға үйлендірсек, бұл қиындық тудыруы мүмкін. Қазір ол жылдың 12 айының 11 айын шетелде, жарыстарда өткізеді. Ал шахматқа қызықпайтын адам үшін мұндай өмір салты үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан бұл одақ біз үшін барлық жағынан қолайлы», – деді ол.
Алайда гроссмейстердің атасы бұл некеден бұдан да үлкен үміт күтетінін жасырмады. Оның айтуынша, екі мықты шахматшының отбасынан болашақта дарынды спортшылар шығуы мүмкін.
«Бұл некеге байланысты тағы бір үлкен үмітім, арманым бар. Әлемдік деңгейдегі екі чемпион, шахматтың екі алыбынан міндетті түрде талантты ұрпақ дүниеге келеді деп сенемін. Бұл Өзбекстанға да пайдасын тигізеді. Егер Бибісара Ташкентке көшіп келсе, бұл, әрине, оның жеке шешімі. Бірақ мұндай жағдай Өзбекстан шахматының дамуына тағы бір серпін берер еді», – деп мәлімдеді Комил Синдаров.
Оның пікірінше, қазақстандық шахматшының Өзбекстанда болуы екі ел арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар Комил Синдаров жастардың қай елде тұратынын және отбасылық өмірін қалай құратынын өздері шешетінін атап өтті. Дегенмен ол туған елінің мүддесін де маңызды санайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен қарым-қатынасы туралы алғаш рет кейбір жайттарды бөліскен болатын.
Биыл көктемде Париж сапарынан соң Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың байланысы жұртшылыққа мәлім болды. Синдаровтың әулеті де бұл жұптың одағын жылы қабылдады. Қазіргі кезде екі гроссмейстер де шахматтағы мансабын белсенді дамытып, халықаралық бәсекелерге қатысып келеді.
Соңғы жаңалықтар