Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін бе? – депутаттар жауап берді
Мәжіліс депутаттары «Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Елде вице-президент қызметі қайта енгізіледі деген жаңалықтан кейін әлеуметтік желілерде «Дариға Назарбаева саясатқа оралуы мүмкін» деген болжамдар айтыла бастады.
Абзал Құспан Қазақстанда вице-президент қызметін әйел адам атқара алатынын айтты.
Парламент кулуарында мәжіліс депутаты Абзал Құспанға «Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды.
«Енді әлеуметтік желіде әртүрлі пікір жүруі қалыпты нәрсе ғой. Сөз бостандығы бар, адамдар пікір алмасады. Қайсыбіріне пікір білдіреміз?! мұндай қауесетті растап не жоққа шығарудың мәні жоқ Шынымды айтайын, менде үміткерге қатысты ешқандай нұсқа жоқ. Дәл сол айтылған кісі лайықты деп ойламаймын», - деді депутат.
Ал Айдос Сарым вице-президенті қызметіне Дарига Назарбаева тағайындалуы мүмкін деген пікірлерге байланысты, бұған ешқандай негіз жоқ екенін ашық айтты.
«Меніңше, Дариға Нұрсұлтанқызының дәуірі өтті. Ол, былайша айтқанда, қоғамда теріс көзқарас қалыптасқан саясаткер. Бірақ ешкім оған қоғамдық немесе саяси қызметпен айналысуға, қандай да бір партияның мүшесі болуға тыйым сала алмайды. Алайда мәселе – саяси партиялардың өз қатарында мұндай адамды көргісі келе ме, жоқ па дегенде. Сондықтан оның вице-президент немесе премьер-министр болуы мүмкін екеніне мүлде сенбеймін. Елде не болуы керек екенін білмеймін, бәріміз бір сәтте өзгеріп, «Дариға Нұрсұлтанқызы, келіп бізді түзеңіз» дейтіндей жағдайды елестете алмаймын. Шынымды айтсам, мен ондайды көріп тұрған жоқпын», – деді Сарым сәрсенбі күні парламент кулуарында.
Ол экс-президенттің үлкен қызының саясатқа қайта оралу ықтималдығын «нөлге жақын» деп бағалады.
Сондай-ақ депутатқа Халық Кеңесі құрамына Дариға Назарбаева кіруі мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
«Оған оның не қажеті бар? Сіз оның жаман өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз ба?» – деп жауап қатты Сарым.
2022 жылы 25 ақпанда Дариға Назарбаева Мәжіліс депутаты ретінде өкілеттігін ресми түрде тоқтатқан еді.
Айта кетейік, бүгін, 20 мамырда, Парламент «Президент туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң бойынша Қазақстанның вице-президенті институты енгізіліп, оның құқықтық жағдайы айқындалады.
Соңғы жаңалықтар