Дәрігерлерді қорғау үшін арнайы заң әзірлеу ұсынылды
Дәрігердің жалақысы біліктілігіне сай болып, өзі қағаз толтырудан босатылуы керек. Құрылтайдың бүгінгі жалпы отырысында депутат Дана Медеуова осы мәселелерді қамтитын «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасын әзірлеуге бастамашы болатынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің мәртебесі мен беделін көтеруді маңызды міндет ретінде белгілегенін еске салды.
«Дәрігер науқасты емдеуі керек, бітпейтін есепті толтырумен айналыспауы тиіс», деді Медеуова.
Депутаттың ұсынысынша, еңбекақы төлеу жүйесі дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны мамандығына қатысы жоқ міндеттерден босатуы қажет. Сонымен қатар қазақша және орысша «дәрігер» атауы заңмен қорғалуы керек. Бұл атауды қолданатын адамның медициналық білімі, расталған біліктілігі және жұмыс істеуге тиісті құқығы болуы шарт.
Медеуова дәрігер тапшылығын нақты бағалап, жаңа мамандарды тартумен қатар, қазір жұмыс істеп жүргендерді де сақтап қалуға шақырды. Ал ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төнгенде дәрігердің жедел әрі өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік беріп, сол кәсіби шешімдерін заңмен қорғауды ұсынды.
«Білікті дәрігерлерді даярлауға он жыл көлемінде уақыт қажет. Ал дайын дәрігерді осал жүйе бір күннің ішінде жоқ қылуы мүмкін», деді депутат.
Оның айтуынша, пандемия жабдық пен дәрі-дәрмек болғанымен, дәрігерсіз көмек көрсету мүмкін емес екенін көрсетті. Сондықтан мамандардың төмен жалақыдан жұмысын тастап кетпеуіне жағдай жасау қажет.
Соңғы жаңалықтар