Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту үшін экономикалық дипломатияны күшейтуде
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (СІМ) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірлесіп «AIFC Diplomatic Day: Kazakhstan Diplomatic Investment Dialogue» инвестициялық диалогын өткізді. Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және еліміздің шетелдегі дипломатиялық миссиялары қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Alatau City Authority» қолдауымен ұйымдастырылған алаң Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша дипломатиялық өкілдіктердің жұмысын жандандыруға бағытталды.
Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаһандық трансформация жағдайында экономикалық дипломатияның рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық бағыт ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген экономикалық басымдықтарға ерекше назар аударылды.
Министр Қазақстанның елдегі инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, отандық бастамаларды ілгерілету және жаңа халықаралық серіктестіктер қалыптастыру мақсатында дипломатиялық корпуспен және шетелдік инвесторлармен ашық әрі нақты өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров капитал нарығын дамыту және халықаралық инвестицияларды тарту бойынша орталықтың мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушыларға АХҚО-ның негізгі институттары мен қаржылық тетіктері ұсынылды:
- Ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген юрисдикция, Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA), АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы және «Astana International Exchange» (AIX) биржасы.
- Орта дәлізді (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) дамыту, авиациялық-қаржы хабын құру, геологиялық барлау бастамалары, көміртегі платформасы және активтерді токенизациялау құралдары.
Сонымен қатар АХҚО-ның Қазақстанды жаһандық капитал нарықтарымен байланыстыратын қаржылық-құқықтық платформа ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.
Жиын барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов пен «Alatau City Authority» бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров өз ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктері мен халықаралық ынтымақтастық перспективаларымен таныстырды. Ал Қазақстан инвесторлары қауымдастығының басқарма төрағасы Рүстем Жүрсінов еліміздің инвестициялық әлеуетіне арналған «Kazakhstan: An Investment Navigator» талдамалық баяндамасын ұсынды.
Аталған диалог ҚР СІМ, АХҚО, мемлекеттік институттар мен дипломатиялық корпус арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін шетелде ілгерілету тиімділігін арттыруға және дипломатиялық байланыстардан нақты экономикалық жобаларды іске асыруға көшуге бағытталды.
Соңғы жаңалықтар