Дәрігерлердің жұмысы жеңілдейді: Қазақстанда мобильді телемедицина жүйесі енгізіледі

Қазақтелеком мен Денсаулық сақтау министрлігі цифрландыру жобасын іске қосады
Қазақтелеком мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласын цифрландыруға арналған меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың басты мақсаты дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, қауіпсіздігін арттыру және қазақстандықтардың медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейту. Бұл туралы Қазақтелеком төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.
Не өзгереді?
Алыстағы ауылдардағы тұрғындар, толыққанды аурухана немесе емхана жоқ болса да, енді мобильді телемедицинаға қосыла алады. Олар қан қысымын, дене қызуын, қандағы қант деңгейін және басқа да көрсеткіштерін өлшеп, нәтижесін бірден дәрігерге жібере алады. Консультациялар онлайн өтпек.
Фельдшердің жүктемесі көп болған жағдайда, оған жасанды интеллект көмекке келеді. Арнайы жүйе пациенттің сөзін жазып, медициналық картасын толтырады әрі алдын ала диагноз қояды. Медициналық қызметкердің қауіпсіздігі үшін SOS батырмасы бар смарт-видеожетон қарастырылған төтенше жағдай туындаса, ол арқылы дереу полиция немесе күзет қызметін шақыруға болады.
«Бұл жай жоспар емес. Аталған технологиялар қазірдің өзінде Астана, Алматы, Көкшетау және Қарағанды облысында пилоттық режимде сыналып, тиімділігін дәлелдеді. Енді бүкіл ел бойынша енгізуге дайынбыз», – дейді Бағдат Мусин.
Соңғы жаңалықтар





