Астанада шардағы газды жұтып, бейәдеп сөздер айтқан әйелге айыппұл салынды

21.09.2026 19:38 Қанат АЙБАР
Астанада шардағы газды жұтып, бейәдеп сөздер айтқан әйелге айыппұл салынды
388

Астанада ойын-сауық орталығында екінші мәрте ұсақ бұзақылық жасаған әйелге 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тәртіп бұзушылықты полиция қызметкерлері TikTok әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында анықтаған, деп хабарлады елорданың Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Оқиға 2026 жылғы 13 қыркүйекте таңғы сағат 07:00 шамасында болған. Іс материалдарына сәйкес, мекемеге келген азаматша өзін өрескел ұстап, бейәдеп сөздер айтып, айналадағылардың тыныштығын бұзған.

Сотта әйел өз айыбын толық мойындады. Оның айтуынша, ішімдік ішіп алған соң мекемеден ішінде газы бар шар сатып алып, артын ойламастан TikTok-та тікелей эфир жүргізген.

Тексеру барысында оның бұған дейін де ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ол жаңа құқық бұзушылықты алдыңғы жазадан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған. Соған байланысты іс бастапқыда ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған.

Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің 14 жасқа толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескерді. Сот түсіндіргендей, мұндай жастағы балалары бар әйелдерге әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылмайды.

Нәтижесінде оның әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 3-бөлігіне қайта сараланып, 20 АЕК мөлшерінде — 86 500 теңге айыппұл тағайындалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий