Депутат жер сүйген атаның суретін жариялады

Депутат жер сүйген атаның суретін жариялады
19.10.2025 08:46
0
537
фото: Болат Омарәлиев

Астана. 17 қазан. Атамекен топырағын сүйген қарияның тарихи суреті жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде депутат Ардақ Назаровтың сұхбатынан кейін қызу талқыға түскен "жер жеген ата" оқиғасына қатысты жаңа дерек пайда болды. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев (dauletten) өзінің парақшасында атамекен топырағын сүйген қарияның тарихи фотосуретін көпшілікке ұсынды.

Бұл сурет 1993 жылы Түркиядан қандастарды елге жеткізген арнайы ұшақтан соң түсірілген.

Кадрда Сағынтай Қарабазар есімді ақсақалдың Қызылорда әуежайында тізерлей отырып, туған жердің топырағын сүйген сәті бейнеленген. Деректерге қарағанда, қария тоғыз жасында Ауғанстан асып, тоқсан жасқа келгенде туған жеріне қайта оралған. Ол көп жылғы сағынышын осылай басқан деседі.

Бұл тарихи сәтті кадрға түсірген – 2024 жылы дүниеден озған белгілі фотожурналист Болат Омарәлиев.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың атамекенге оралған қандастар туралы айтқан әңгімесі әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатыны жайлы жазғанбыз. Депутат сұхбаттарының бірінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркиядан оралған қазақ қариясы туралы әңгімесімен бөліскен. Ол оқиғада ұшақтан түскен ақсақал «қызым, мынау қазақтың жері ме?» деп сұрап, растауын алған соң, бір уыс топырақты алып, жұтып жібергені айтылған еді. Осыдан кейін бұл әңгіме желіде тарап, көптеген әзіл-қалжыңға арқау болған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий