Досымен бәстескен ер адам Аргентина құрамасы жеңілген соң ажырасып кетті
Малайзияда Аргентина құрамасының жеңілісіне шыдай алмаған отағасы заңды әйелімен ажырасты. Бұл оқиға туралы 20 шілдеде әйелдің өзі желіде жылап тұрып айтып берді. Оның сөзінше, Испания мен Аргентина арасындағы шешуші ойын аяқтала салысымен, күйеуі үйге ызаланып кіріп, еш себепсіз «Талақ! Талақ! Талақ!» деп үш рет айтып салған, деп хабарлайды Politico.kz.
Артынан білгендей, ер адам досымен бәстескен. Шарты – егер Аргентина финалда ұтылып қалса, әйелімен ажырасады екен. Әлгі доп шеберлері жеңілген соң, «уәдеде тұрған еркекпін» деп осылайша өз отбасын бәстің жолында құрбан еткен.
Күйеуінің бұл ақылға сыймайтын әрекетінен әйел елден көмек сұрап: «Өзін есінен адасқан адам сияқты ұстап отыр. Некені, отбасын ойыншық көретін сияқты», – деп налыды.
Заң не дейді?
Малайзияда үш рет «талақ» айту арқылы ажырасу заңды саналады. Бірақ ол үшін ер адам бұл шешімін 7 күннің ішінде арнайы мекемелерге барып тіркеуі тиіс.
Бұл жағдайға елдің дін істері жөніндегі бұрынғы министрі Зулкифли Мохамад Әл-Бакри де араласты. Ол бұл отбасыға созбай, бірден Шариғат сотына барып, некенің шынымен бұзылған-бұзылмағанын анықтап алуды кеңес етті.
Соңғы жаңалықтар