Экономиканы әртараптандырудың маңызы неде?

Экономиканы әртараптандырудың маңызы неде?
29.04.2025 09:57
0
31
pixabay.com

Көпшілігімізге түсінікті болуы үшін: кез келген елдің экономикасы өздігінен сапалы әрі тұрақты өсім көрсете алмайды. Егер экономика жабық жүйе ретінде тек ішкі саудаға сүйенсе, онда бір тарап пайда көрсе, екіншісі ұтылады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.  

Яғни, мұндай жағдайда жалпы экономикалық тепе-теңдік сақталады, бірақ нақты өсім болмайды. Әрине, мемлекеттің ақша массасын көбейту арқылы инфляциялық өсімге қол жеткізуге болады, бірақ бұл – жасанды әдіс.

Экономикалық өсімнің негізгі көзі – экспорт

Тұрақты және дені дұрыс экономикалық өсім тек экспорт есебінен жүзеге асады. Экспорт сыртқы нарықтағы сұраныс арқылы ішкі экономиканы «ынталандырады». Бұл кезде шетелдік тұтынушылардың ақшасы экспорттаушы компаниялар арқылы ел ішіне келіп, ішкі сұранысты арттырады. Осылайша, ішкі нарықтағы өндіріс көлемі ұлғайып, жалпы экономикалық өсім қамтамасыз етіледі.

Экспорттаушылар – шын мәнінде ел экономикасының қозғаушы күші. Олар шетелден түскен қаржыны отандық тауарлар мен қызметтерге жұмсап, сыртқы сұранысты ішкі экономикаға трансформациялайды. Ал ішкі нарық бұл сұранысты түрлі салалар, агенттер мен индустриялар арасында «таратады».

Мемлекеттің экономикадағы үш басты міндеті:

  1. Экспорттаушыларды қолдау:
    Экспортты тікелей субсидиялау емес, оларға жағдай жасау маңызды. Мысалы, экспортты ҚҚС-тан босату, экспорттық несие агенттіктерін құру, тиімді сауда келісімдеріне қол қою және ұлттық валютаның бағамын реттеу арқылы бәсекелестік артықшылық жасау. Мұның бәрі экспорттаушының табысын арттырып, елге көбірек шетелдік қаржы тартуға бағытталған.

  2. Сыртқы сұранысты ішкі экономикаға тиімді конвертациялау:
    Яғни, экспорттаушылар отандық өндірушілерден көбірек өнім сатып алуы керек. Бұл үшін кедендік тарифтер, импортқа шектеулер және валюталық бағамды басқару сынды құралдар қолданылады.

  3. Ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысты тиімді «араластыру»:
    Бұл – бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау (жылдам компания ашу/жабу, әділ сот жүйесі, банкроттық туралы заңнамалар), әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмсалуы сияқты факторларды қамтиды.

Үш негізгі экономикалық саясат:

A. Сауда саясаты

Экспортты ынталандыру және импортты шектеу – сауда саясатының басты бағыты. Алайда бұл оңай шаруа емес, себебі әр ел өз экспорты үшін күреседі, ал бір елдің экспорты – басқа ел үшін импорт. Нәтижесінде бұл сауда шиеленістеріне немесе тіпті сауда соғыстарына әкелуі мүмкін.

Б. Фискалдық саясат (салық-бюджет саясаты)

Бұл саясат ішкі экономикадағы ақша ағынын тиімді басқаруға бағытталған. Салық жүйесі арқылы мемлекет ресурстарды бір сектордан екіншісіне қайта бөледі: мысалы, табысы жоғары салалардан әлеуметтік салаға немесе инфрақұрылымға. Бұл экономикалық теңгерімді және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді.

В. Монетарлық саясат (ақша-несие саясаты)

Экономикадағы ақша көлемін реттеу арқылы оның өсу қарқынын басқару – осы саясаттың негізгі мақсаты. Егер экономика шамадан тыс жылдам өсіп, инфляция пайда болса – ақша массасы азайтылады. Керісінше, өсім баяуласа – ақша массасы көбейтіліп, сұранысты ынталандырады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий