Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты сұмдық дерек тарады

04.06.2026 11:45 Әсел МҰРАТ
Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты сұмдық дерек тарады
161
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Германияда қаза тапқан бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеудің қазіргі барысы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Politico.kz «NewTimes.kz»-ке сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Германиядағы Елшілігі бұл мәселе бойынша Германия Сыртқы істер министрлігімен тұрақты байланыс орнатып, тиісті кездесулер өткізіп келеді. Сонымен қатар Майндағы Франкфуртта орналасқан Қазақстан Бас консулдығы Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми нотасына сәйкес, Қазақстанның құқық қорғау органдары жолдаған экстрадициялау туралы сұрау негізінде Мәскеу қаласы бойынша Ресей ІІМ Қылмыстық іздестіру басқармасының қызметкерлері Александр Донцов пен Наталья Донцованы ұстаған. Бұған дейін олар Германия құқық қорғау органдарының халықаралық іздеуіне және Қазақстан ІІМ-нің мемлекетаралық іздеуіне жарияланған болатын.

Алайда күдіктілердің екеуі де Ресей азаматтары болғандықтан, Ресей заңнамасына сәйкес олар Қазақстанға экстрадицияланбайды. Бұл туралы қазақстандық тарапқа алдын ала хабарланған.

Қазіргі таңда Ресейдің құзырлы органдары Қазақстан тарапынан Ресей аумағында қылмыстық іс қозғау жөніндегі ресми өтінішті күтуде. Мұндай өтініш тергеу амалдарын бастауға заңды негіз болады.

Сондай-ақ Айгүл Сайлыбаеваның туысы Б. Сайлыбаевтың өтініші бойынша Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі 2026 жылы 5 мамырда Ресей Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдап, аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін Ресей Тергеу комитетінің қарауына беруді сұраған.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы келіссөздер барысында қазақстандық тарап бұл істі жедел қараудың маңыздылығын атап өтіп, бұрын жолданған нотаға жақын арада жауап беріледі деген үміт білдірді. Қазіргі уақытта мәселе Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің тұрақты бақылауында.

Қазақстан дипломаттары марқұмның туыстарымен үздіксіз байланыс жасап отыр.

Айгүл Сайлыбаеваның өлімі

Бұрын Қазақстанда судья қызметін атқарған Айгүл Сайлыбаева Германиядағы Эрлахе көлінің маңынан өлі күйінде табылған. Қайғылы оқиға кезінде ол жүктіліктің 24-аптасында болған. Сараптама қорытындысы әйелдің денесінде көптеген пышақ жарақаттары бар екенін көрсеткен. Тергеушілер қылмыстың ерекше қатыгездікпен жасалғанын мәлімдеді.

Айгүл 5 маусым күні із-түзсіз жоғалып кеткен. Тергеу деректеріне сәйкес, оны соңғы рет 3 маусымда көрген. Келесі күні Наталья Донцова қызы Жаклинді балабақшадан балалар арбасымен алып кеткен. Кейін сол арбадан Айгүлге тиесілі қанға боялған күртеше табылған.

Сонымен қатар тергеу барысында Александр Донцовтың 4 маусымға қараған түні Германия Қылмыстық кодексіндегі адам өлтіру және қылмысты жасыруға қатысты баптарды зерттегені анықталған. Ал Наталья Донцованың кейінірек Эрлахе көлі бағытына барғаны белгілі болды. Бұл мәйітті жасыратын орынды алдын ала дайындау әрекеті болуы мүмкін.

16 маусым күні Александр Донцовтың ұялы телефоны Эрлахе көлі маңында тіркелген. Айгүл мен оның қызының құжаттары Александрдың әжесінің пәтерінен табылған. Ал Айгүлдің төлқұжаты тек екінші рет жүргізілген тінту кезінде ғана анықталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий