Елорданы қылмыс ордасына теңеген депутат халықтан кешірім сұрады

14.12.2025 18:59 Арман Ермеков Арман Ермеков
Елорданы қылмыс ордасына теңеген депутат халықтан кешірім сұрады
0
395
Фото: Қазақстан құрылысшылар одағы

Астана қаласы мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев елордадағы қылмыс деңгейі туралы айтқан сөздері үшін көпшіліктен ресми түрде кешірім сұрады. Бұған дейін оның келтірген деректерін қала әкімі Жеңіс Қасымбек сынап, Полиция департаменті жоққа шығарған болатын, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға мәслихат отырысында басталған еді. Депутат Талғат Ерғалиев Астананың «Сарыарқа» ауданындағы, әсіресе вокзал маңындағы қылмыстық ахуалды қатты сынға алды. Ол өз сөзінде бұл аумақты әлемдегі ең қауіпті қалалардың бірі – Венесуэла астанасы Каракаспен салыстырған.

«Maksut Narikbayev University мен MIND талдау орталығының зерттеулері көрсеткендей, Астанадағы қылмыстардың жартысынан астамы қала аумағының небәрі үш пайызында шоғырланған. Бұл аумақтарға вокзал, оған іргелес орамдар және жеке сектор кіреді. Осыған сүйене отырып, 16-шы округ пен «Сарыарқа» ауданын ең криминогенді (қылмыс көп жасалатын) аймақ деп атауға негіз бар.

Сараптамалық зерттеулер мен мамандардың қорытындысына сәйкес, барлық қылмыстың 50 пайызына жуығы Сарыарқа ауданының белгілі бір аумақтарында, әсіресе теміржол вокзалы, ескі жеке сектор және өндірістік аймақтар маңында жасалады.

2024 жылы Астанада 17 339 қылмыс тіркелген. Сарыарқа аумағында олардың шамамен саны жылына 8 мыңға жуықтайды. Астанадағы қылмыстың жалпы саны мен оның шоғырлану тығыздығын ескерсек, бұл аудандағы қылмыстардың болжамды көрсеткіші жылына 40 087-ні құрайды.

Қылмыс түрлеріне тоқталсақ: Сарыарқа ауданында жылына 35 кісі өлтіру, 26 зорлау және 546-дан астам есірткі қылмысы жасалады. Демек, әрбір 10 күнде бір кісі өлтіру, әрбір 15 күнде бір зорлау, ал күніне алты ұрлық пен екі есірткі қылмысы орын алады деген сөз. Күн сайын не тонау, не бұзақылық тіркеледі. Бұл жағдай ұрыс қимылдары туралы әскери мәлімдемеге ұқсайды.

Халықаралық Crime ray көрсеткіші бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда, әлемдегі ең қауіпті 10 астананың қатарындағы Каракаста – 3,5 мың, Преторияда 3,5 мың қылмыс жасалады. Ал Сарыарқа ауданы әлемнің барлық криминогенді астаналарының арасында екінші орын алады», — деді депутат мәслихаттың кезекті отырысында.

Бұл салыстыру қала әкімі Жеңіс Қасымбектің наразылығын тудырды. Отырыс барысында әкім депутатты бірден тоқтатып, тікелей эфирде мұндай тексерілмеген деректерді айту жауапсыздық екенін ескертті.

«Мұндай мәлімдемелерді өте абайлап жасау керек. Біз қазір тікелей эфирдеміз, сондықтан айтқан цифрларыңызды дәлелдеу қажет. Бізді Венесуэламен, Каракаспен салыстыру мүлде орынсыз әрі қауіпті. Мен мұнымен келісе алмаймын. Әр сөзіңіз үшін жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін», – деді қала басшысы отырыста.

Астана қалалық Полиция департаменті де дереу ресми мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшылары депутат келтірген статистиканың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

«Соңғы жылдары Астана қаласында жыл сайын 17 мыңнан аспайтын қылмыс тіркеледі. Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 1 887-ге төмендеген. Бұл заңда белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын ресми деректермен расталған ақпарат. Аталған отырыс барысында депутат жариялаған жекелеген қылмыс түрлеріне қатысты статистикалық мәліметтер де шындыққа жанаспайды. Мәлімдемелер ресми дереккөздермен расталмаған және қаладағы нақты криминогендік ахуалды бұрмалап көрсеткен. Полиция департаменті жалған ақпарат тарату, оның ішінде қоғамдық мәртебесі мен қызметтік өкілеттігі бар адамдар тарапынан болуы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатындығын атап өтеді. Ресми мәлімдемелер тек тексерілген және деректерге негізделуі тиіс. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары мәлімдеме жасаған адам сілтеме жасаған ұйымнан ақпарат сұратты. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады», — деп хабарлады Астана қаласының ПД.

Даулы жиыннан кейін Талғат Ерғалиев Instagram парақшасында арнайы жазба жариялап, қателігін мойындады. Ол жалған ақпаратты құзырлы органдардан сұратпай-ақ, өз көмекшісі дайындап бергенін алға тартты.

«Құрметті елорда тұрғындары!

Елордадағы криминогендік ахуал туралы айтылған шындыққа жанаспайтын ақпарат үшін кешірім сұраймын.

Бұл ақпаратты, өкінішке қарай, көмекшім құзырлы органдарға жүгінбестен дайындаған.

Ішкі істер министрлігінің ресми деректері Астананың қылмыс деңгейі төмен және қауіпсіздік деңгейі жоғары қала екенін көрсетеді.

Соңғы жылдары елордада қылмыс санының айтарлықтай төмендегені байқалады: 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіштер үштен біріне жуық азайды, тіркелген қылмыстардың жалпы саны бестен бір бөлігіне жуық кеміді, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны екі есе қысқарды, сондай-ақ орташа ауырлықтағы қылмыстар саны да төмендеді.

Мен өзім депутат болып табылатын 16-шы округ тұрғындарының өмір сүру жағдайы мен инфрақұрылымын жақсарту – бұл сауалдың басты мақсаты болғанын түсіндіріп өткім келеді.

Мәслихат депутаты ретінде қала әкімдігі және Полиция департаментімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және полицейлердің беделін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», — деп жазды Талғат Ерғалиев.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий