Ең төменгі жалақы кімдер үшін көтерілетіні белгілі болды

2026 жылдан бастап азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 000 теңгеге дейін көтеріледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев сенат кулуарында айтты.
«Ал азаматтық қызметкерлер үшін біз ең төменгі жалақыны 99 000 теңге көлемінде қарастырып қойдық. Оны республикалық бюджетке де енгіздік», - деді Ертаев.
Еңбек кодексі бойынша азаматтық қызметкерлер – қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде штаттық лауазымды атқаратын, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз ететін және техникалық қызмет көрсететін адамдар. Бірақ мемлекеттік кәсіпорындардың барлық қызметкерлері азаматтық қызметкерлер қатарына жатпайды.
Қазіргі таңда елімізде ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заңы мақұлданды.
Соңғы жаңалықтар





