Есімде өмір жайлы айтқандарың
ЕСІМДЕ ӨМІР ЖАЙЛЫ АЙТҚАНДАРЫҢ
Жан әке, іздеп сені еске аламын,
Тарихтың ақтарып мол парағын
Отыз жылдай болыпты кеткеніңе
Бақилықтың төріне жеткеніңе
Асқар тауым болып ең өмірдегі
Сағынышым шашылған көңілдегі
Арасында бұлдырап қос жанарым,
Мөлдір моншақ көзімнен төгілгені
Бұлқынады жүрегім алас ұрып,
Еске аламын өмірде тірлік құрып,
Айбыныңды аңсаймын, әкетайым
Өсіп едім қасыңда еріп жүріп...
Есімде өмір жайлы айтқандарың
Сынақтарға шыдадым жасқанбадым
Тәрбиеңнің әкетайым арқасында
Бұздым талай бөгетін, тас қамалын
Уақтың тармақтарын таратқансың
Жалгастыру болды гой ұрпаққа сын
Тоқсаныншы жылдары тастап бізді
Кете бардың дәм-тұзың таусылғасын
Кеудеңнен күмбірлеген тартқан сазың
Домбыраңнан төгілді жыр мен назың
Тыңдаушы еді өзіңді жиналғандар
Елестетіп маусымның жайлы жазын
Ақ адал еңбегіңмен қалдың есте
Ат салыстың өмірдей ұлы кошке
Ұлы Отан соғысында ел қорғадың
Қырық бірден созылды қырық беске
Одағыңды теңедің бар асылға
Отан қорғау әр жанның санасында
Жауды жеңіп, жеңіспен елге оралдың
Туған жерге, тумаластар арасына...
Қырғыннан аман шықтың алапатты
Отаныңнан алдың ғой марапатты
Бейбіт күнді еңбекпен жалғастырып,
Жауынгерің алшаңдап бара жатты
Асқар таудай болмысыңа ризамын
Орындадың қаймықпай өмір заңын
Мақтанышпен еске алып әке жолын
Көргендеймін қоштасқан әке қолын!
Күлшән НҰРБЕКОВА
«Мезгіл әуендері» жыр жинағы
Соңғы жаңалықтар