Фото үшін банан беріп, қайта тартып алған: Шымкенттегі балабақшада тәрбиешілер жұмыстан қуылды

08.06.2026 12:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Фото үшін банан беріп, қайта тартып алған: Шымкенттегі балабақшада тәрбиешілер жұмыстан қуылды
185
Фото: Бейнеден алынған скрин

Шымкенттегі «Балымша» балабақшасында бүлдіршіндерге фотоесеп үшін жеміс беріп, кейін оны қайта тартып алған үш тәрбиеші жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ата-аналардың сөзіне қарағанда мекеме қызметкерлері балаларға күнделікті банан беріледі деп сендіріп, оны ұстап тұрған сәттерін суретке түсіріп чатқа жіберген соң жемісті қолдарынан жұлып алған. Бұл жайт бүлдіршіндердің бірі жеке бөлмеге қамалып, партадан құлап қалғаннан кейін бейнебақылау камераларын тексеру кезінде белгілі болды. Осыдан соң қалалық білім басқармасы тексеріс жүргізіп, меңгеруші мен қатысы бар қызметкерлерден түсініктеме алды.

«Тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға қатысы бар бес тәрбиешінің үшеуі теріс себептермен жұмыстан босатылды, сондай-ақ балабақша басшылығына қатысты тиісті шаралар қабылданады. Жиналған материалдар құқық қорғау органдарына ресми түрде жолданды, полициядан бөлек бұл іспен білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері айналысады», — деді ведомство.

Войдите, чтобы оставить комментарий