Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубы Астанада өзінің ресми PSG Academy Kazakhstan орталығын ашады

04.08.2026 19:10 Қанат Айбар
Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубы Астанада өзінің ресми PSG Academy Kazakhstan орталығын ашады
237
Фото: Psg.fr

Қазақстан париждік грандтың футбол академиялары желісі енген 24-ші мемлекетке айналып отыр. Алғашқы жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешені базасында орналасып, 2026 жылдың қыркүйек айында 6 мен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұлдар мен қыздарды қабылдауды бастайды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жас спортшыларды даярлау процесі ойыншылардың техникалық шеберлігін, футбол интеллектын және алаңда дұрыс шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталған «Пари Сен-Жерменнің» ресми әдістемесі бойынша жүргізіледі. Тұрақты сабақтардан бөлек, тәрбиеленушілер түрлі турнирлерге, жолдастық кездесулерге, оқу-жаттығу лагерлеріне қатысып, халықаралық шараларға араласуға мүмкіндік алады.

Париждік клуб өкілдері Астанада академия ашу жастар футболын дамытуға бағытталған жаһандық стратегияның маңызды бөлігі екенін атап өтті. «ПСЖ академияс ашу клубтың өз білімі мен құндылықтарын Париж шегінен тыс жерлерге таратуға деген ұмтылысын көрсетеді. Астанадағы жаңа орталық әлемдегі мыңдаған жас ойыншыларға «Пари Сен-Жермен» стандарттары бойынша футбол үйренуге мүмкіндік беретін халықаралық желіні дамытудың кезекті қадамы болады», – делінген клуб хабарламасында.

Жобаның Қазақстандағы негізін қалаушы кәсіпкер Алмаз Әлсенов елде жас футболшыларды даярлаудың ұзақ мерзімді жүйесін құру басты мақсат екенін жеткізді. Оның сөзінше барлық бапкерлер француз клубы мамандарының тікелей қолдауымен арнайы оқытудан өтеді, ал алдағы уақытта академия филиалдарын еліміздің басқа да өңірлерінде ашу жоспарланған.

2005 жылы негізі қаланған PSG Academy желісі бүгінде әлемнің 24 еліндегі 200-ден астам жаттығу орталығын біріктіріп, жыл сайын 50 мыңнан астам баланың спорттық шеберлігін шыңдап келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий