«Бауырсаққа таласқандай»: Маңғыстауда жаңа вокзалдың ашылуы дауға ұласты

«Бауырсаққа таласқандай»: Маңғыстауда жаңа вокзалдың ашылуы дауға ұласты
Видеодан кадр

Маңғыстауда жаңартылған теміржол вокзалының ашылуы кезінде жаппай кептеліс болып, жұрт ғимаратқа кіру үшін бір-бірін итермеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видео қызу талқыға түсіп, нысанның ашылуын ұйымдастырушыларға сын айтылды.

Оқиға орнынан түсірілген видеоны блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Кадрлардан вокзалдың әйнек есігіне жиналған қалың топтың ішке кіруге ұмтылғанын көруге болады. Ал полиция қызметкерлері адамдардың легін реттеуге тырысқан.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі вокзалға келушілердің көп болуын жағдайдың басты себебі ретінде атады. Компания мәліметінше, жаңартылған нысанды көруге қала тұрғындары жаппай келген. Алайда кейбір азаматтар кезек сақтамай, ғимаратқа бірінші болып кіруге тырысқандықтан, кептеліс туындаған.

Оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік ашылу рәсімінің дұрыс ұйымдастырылмағанын айтып, адамдардың қоғамдық орында өзін ұстау мәдениетін сынға алды. Кейбірі вокзалдың есіктерін кеңірек ашып, келушілер ағынын алдын ала реттеу қажет болғанын жазды.

Айта кетейік, Маңғыстау теміржол вокзалы ауқымды қайта жаңғыртудан өтті. Үш қабатты ғимараттың ауданы 763 шаршы метрден 9 мың шаршы метрге дейін ұлғайған. Нысан тәулігіне 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Ал жолаушылар ағыны артатын кезеңде бұл көрсеткіш 4 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу