Губернатор Путинге Тоқаевтың әкесін аман алып қалған дәрігер туралы айтып берді

26.05.2026 10:14 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Губернатор Путинге Тоқаевтың әкесін аман алып қалған дәрігер туралы айтып берді
371
Кемел Тоқаев. 1943 ж. Фото: "Әке туралы ой-толғау" кітабынан

Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Ресей президенті Владимир Путинге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың соғыс жылдарындағы тағдыры туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

1942 жылы жаяу әскер училищесін аяқтап майданға аттанған Кемел Тоқаев 1945 жылдың қаңтарында аяғынан ауыр жарақат алып, Омбы қаласындағы госпитальға эвакуацияланған. Басқа дәрігерлер сүйегі үгітілген аяқты кесіп тастауды ұсынғанымен, сол кездегі жас хирург Гавриил Илизаров жаңа емдеу тәсілін қолданып, жауынгерді мүгедектіктен аман алып қалған. Үш айдан астам уақыттан соң балдақпен жүре бастаған майдангер кейінірек Алматыдағы әскери госпитальда емін жалғастырыпты.

«Кемел Тоқаев майдангер ретінде 1945 жылдың қысында Омбыға эвакуацияланған, ал жас хирург Гавриил Илизаров оған ота жасап, аяғын сақтап қалды. Ол кезде атақты Илизаров аппараты болмаған еді, бұл құрылғы тек 10-11 жылдан кейін ғана пайда болды», – деді Виталий Хоценко.

Губернатордың сөзіне қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі емделген аурухана ғимаратында қазір арнайы ескерткіш тақта орнатылған.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен майдангер журналист әрі жазушы болып, қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиғалы детектив жанрының негізін қалады. Ол 1986 жылдың 10 қарашасында 63 жасына қараған шағында өмірден өткен.

Гавриил Абрамович Илизаров КСРО-ның әлемге әйгілі ортопед-хирургы, өнертапқыш және медицина ғылымдарының докторы. Сүйек сынықтарын емдеуге және олардың ақауларын түзетуге арналған әлемге әйгілі медициналық құрылғыны ойлап тапқан.

Айта кетейік, 2025 жылы Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкесінің марапатын арнайы табыстаған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий