Халыққа бітпеген үй сатып алған шенеунік 2 жылға сотталды
Павлодар облысының прокуратурасы 2025 жылғы қадағалау қызметінің қорытындысын жариялап, бюджет қаражатын талан-таражға салғандардың жауапқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өткен жылы прокурорлар 32 млрд теңгенің заңсыз мемлекеттік сатып алуларын тоқтатып, бюджеттің 24,1 млрд теңгесінің негізсіз жұмсалуына жол бермеді. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген 3 млрд теңге залал өндіріліп, 6,5 млрд теңге сомасындағы мүлік қайтарылды. Сонымен қатар 1 миллиард теңге айыппұл алынды.
Жемқорлық фактілері бойынша бірнеше шенеунікке қатысты сот үкімі шықты. Мысалы, "Ақсу қаласының құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін құрылысы аяқталмаған пәтерлерді сатып алғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, аталған бөлімнің тағы бір бұрынғы басшысы мен мердігерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Олар көппәтерлі тұрғын үй құрылысы кезінде іс жүзінде атқарылмаған жұмыстар үшін 451 млн теңге төледі деп айыпталуда.
Бұдан бөлек, цифрландыру саласында да ірі жымқыру дерегі тіркелді. Ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында 150 млн теңге ұрланғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы істі қарауда.
Жалпы жыл қорытындысы бойынша 160 адам түрлі жауапкершілікке тартылып, 11 тұлғаға қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар