Хиджабқа бола лицензиядан айырыла ма: жекеменшік мектептерге ескерту жасалды
Қазақстанда мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптарды бұзған жекеменшік мектептерге қатаң шара қолданылуы мүмкін. Оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген білім беру ұйымдарының лицензиясынан айырылу мәселесі де қарастырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша, еліміздегі барлық білім беру ұйымдары мектеп формасына қатысты белгіленген бірыңғай талаптарды сақтауға міндетті.
«Бізде бірыңғай мектеп формасы бар. Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарды сақтауы тиіс. Бұған дейін мұндай жағдайлар тіркелген, қазір олар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қатысады. Әкімдіктер және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін арнайы комиссия бар», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, мектеп формасына қатысты талаптарды бұзу фактілері өткен оқу жылында, оның ішінде жекеменшік мектептерде де анықталған. Алайда жаңа оқу жылы басталғалы мұндай жағдайлар әзірге тіркелмеген.
Журналист министрден жекеменшік мектеп оқушыға хиджаб киюге рұқсат берген жағдайда қандай шара қолданылуы мүмкін екенін нақтылады.
«Лицензиялау мәселесі бар. Яғни лицензиясын қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылады. Бұдан бөлек те бірқатар тетік бар. Оларды тиісті органдармен бірлесіп пысықтаймыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осылайша, мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты лицензиядан айыруды қоса алғанда, заңнамада көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар