ХҚКО-дағы заңсыз құжат саудасы: жарты млрд теңге, 10 сотталушы
Астанада шетелдіктерге қызмет көрсететін ХҚКО-да құжат рәсімдеудің заңсыз жолы 3 жылдан астам жұмыс істеген. Мыңдаған шетелдікке құжат жасалған осы схема арқылы жарты миллиард теңгеден астам ақша өткен, ал іс сотқа жеткенде айыпталушылар орындығына он адам қатар отырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот жуырда оларға үкім шығарды. Сотта қаралған іске қарағанда, «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері мен делдалдар заңсыз көші-қон ұйымдастырып, одан табыс тауып келген.
Орталыққа келген шетелдіктердің көбі Қазақстанда уақытша болуға рұқсат алуды көздесе, енді біріне жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қажет болған. Олар қызмет ақысын делдалдарға төлеп, делдалдар ақшаның бір бөлігі мен құжаттарды ХҚКО қызметкерлеріне жеткізіп отырған.
Ал іс қиындағанда Байқоңыр аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметіндегі инспекторы көмектескен. Мәселен, шетелдікті елден шығарып жіберу қаупі туса, «Азаматтарға арналған үкіметтегі» таныстары соның көмегіне жүгінген.
Үш жылдан астам жалғасқан схемаға құқық қорғау органдары араласқан соң ғана тоқтау салынды. 2025 жылдың басында оған қатысы бар адамдарды жауап алуға шақырып, ұстай бастаған.
Айыпталушылардың түгелге жуығы жазасы жеңілдейді деген үмітпен кінәсін мойындаған. Дегенмен сот бірнешеуін 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Еңбек мигранттарынан 12 миллион теңгеден астам табыс тапқан бұрынғы полиция қызметкері Жауқазын Қорабаева 7 жылға сотталды, алайда жазасын өтеу кейінге қалдырылды.
Пара алған «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері Досымхан Бейсенбаев, Сабира Баймұхамедова және Жадыра Жанабаеваның әрқайсысына да 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Баймұхамедова мен Жанабаеваның жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Олардың әріптесі Бақжан Әкім 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Делдалдарға келгенде жаза әртүрлі болды. Қолынан 193 миллион теңге өткен Әсел Қуанышева, 196 миллион теңге айналдырып, 385 шетелдікке құжат рәсімдеткен Рамид Амергали, сондай-ақ 117 миллион теңге мен 1272 шетелдіктің құжатына қатысы бар Орынтай Ташкенова ХҚКО қызметкерлеріне пара бергені үшін кінәлі деп танылып, айыппұлмен шектелді.
Ал полиция капитанына ақша берген Алтынай Әлдібаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Құжат қолдан жасап, бірнеше мигрантты алдаған Лаура Көпбаеваға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар