Бас дәрігерлердің білімі сынға түсті: 47 медицина басшысы сынақтан өте алмады

Бас дәрігерлердің білімі сынға түсті: 47 медицина басшысы сынақтан өте алмады

Қазақстанда перзентхана, балалар ауруханалары мен жедел жәрдем станцияларындағы басшылық құрамға ауқымды аттестаттау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша сынаққа қатысқан әрбір бесінші маман қажетті балды жинай алмаған. Олардың қатарында бас дәрігерлер мен орынбасарлары бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазан айының ортасынан бері 15 өңірден 230-дан астам маман аттестаттаудың алғашқы кезеңі – тестілеуден өткен. Бұл жалпы үміткерлер санының 72 пайызынан асады.

Алдын ала нәтижелер бойынша қатысушылардың 80 пайызы сынақтан сәтті өткен. Алайда 47 маман, яғни тест тапсырғандардың 20 пайызы ең төменгі өту балын жинай алмаған. Олардың 25-і – мекеме басшылары болса, 22-сі – орынбасарлары. Тағы 27 адам тестілеуге мүлде келмеген.

Сәтсіз нәтиже көрсеткендер саны Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында көп тіркелген. Бұл үш өңірден тестілеуден өте алмаған мамандар жалпы көрсеткіштің жартысынан астамын құрайды. Ал Астана мен Павлодар облысында барлық үміткер сынақтан сүрінбей өткен.

Денсаулық сақтау министрлігі басшылық құрамның кәсіби біліктілігін тексеру медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Себебі медициналық ұйымдардың жұмысы мен қызмет көрсету тиімділігі басшылардың басқарушылық шешімдеріне байланысты.

Тестілеуден өте алмаған мамандар аттестаттаудың келесі кезеңіне, яғни сұхбаттасуға жіберілмейді. Олар алты айдан кейін қайта сынақ тапсыра алады.

Айта кетейік, медициналық ұйымдар басшылары мен олардың орынбасарларын аттестаттау жыл соңына дейін жалғасады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу