"Иісі қазақты құтқаруымыз керек": Мәжіліс депутаты Пәкістандағы қандастарды қорғау үшін Үкіметке үндеу жасады

14.08.2025 16:05
0
222
Сурет: Ашық Дереккөз

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Пәкістандағы 300-ге жуық қандасты Ауғанстанға депортациялау қаупі төніп тұрғанын мәлімдеп, дабыл қақты, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Депутаттың айтуынша, 30 тамызда мәжбүрлеп кері қайтарылуы мүмкін 40 отбасы үшін Ауғанстанға оралу өмірлеріне тікелей қауіп төндіреді. Ол Үкімет пен Сыртқы істер министрлігін шұғыл шара қабылдауға шақырды.

Екі жыл бұрын Ауғанстандағы қауіп-қатерден бас сауғалап, Пәкістанға паналаған 300-ге жуық этникалық қазақ бүгінде тығырыққа тірелген. Депутаттың мәліметінше, Пәкістан билігі олардан 30 тамызға дейін елден кетуді талап етіп отыр. Бұған дейін Қазақстанның елшісі Карачидегі қандастарға барып, көмек көрсетуге уәде бергенімен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған.

Бұл жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы мәселені одан сайын күрделендіріп отыр. Ведомствоның хабарлауынша, бұл адамдардың қазақ екенін растайтын құжаттары болмағандықтан, Қазақстан тарапы ресми көмек көрсете алмайды. Ал қажетті құжаттарды алу үшін олар қашып шыққан Ауғанстанға қайта баруы керек. Ерлан Саиров бұл талаптың қаншалықты қауіпті екенін алға тартып, олар үшін кері оралудың мүмкін еместігін баса айтты.

Осыған байланысты депутат Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектенов пен Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге тікелей үндеу жолдады. Ол қандастардың мәселесін шешу үшін барлық мүмкіндікті, соның ішінде БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына жүгініп, оларға «босқын» мәртебесін алып беру жолдарын қарастыруды ұсынды. Депутат жағдайдың аса күрделі екенін және санаулы күндер қалғанын ескертіп, бұл мәселені ұлттық намыстың сынағы деп атады және жұртшылықты бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий