Каспий құбыр консорциумы терминалындағы тағы екі танкерге шабуыл жасалды

30.07.2026 12:15 Әсел МҰРАТ
Каспий құбыр консорциумы терминалындағы тағы екі танкерге шабуыл жасалды
158
Фото: ашық дереккөз

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында мұнай тиеп жатқан тағы бір танкер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Бұл жолы «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеп жатқан NISSOS SIFNOS кемесі нысанаға алынған, деп хабарлайды Politico.kz.

КҚК мәліметінше, оқиға Мәскеу уақытымен 30 шілде күні сағат 01:48-де болған. Сол кезде NISSOS SIFNOS танкері №3 қашықтағы тиеу құрылғысында мұнай қабылдап жатқан.

Дрондардың шабуылы салдарынан кеменің жүк палубасындағы мұнай қабылдайтын манифольдтар орналасқан аумақта өрт шыққан. Жалынды танкер экипажы мен КҚК-ның үш көмекші кемесі сөндірген.

Алдын ала ақпарат бойынша, шабуылдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар мұнайдың теңізге төгілу фактісі тіркелмеген.

Тағы бір танкерге соққы жасалған

Консорциумның хабарлауынша, шабуыл NISSOS SIFNOS танкерімен ғана шектелмеген. Терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықта орналасқан MARATHI танкері де дрон шабуылының нысанасына айналған.

КҚК өкілдері бұл жағдай халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

«Осылайша, Қазақстанның және КҚК-ның өзге де шетелдік акционерлерінің, оның ішінде АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы халықаралық энергетикалық инфрақұрылым объектілеріне күш қолдануға жол бермеу жөніндегі үндеулері ескерусіз қалды», – делінген консорциум мәлімдемесінде.

Айта кетейік, КҚК теңіз терминалындағы танкерлерге бұған дейін бірнеше рет шабуыл жасалған болатын. Консорциум нысандары дрондардың шабуылына ұшырап, Қазақстан мұнайының экспорттық жеткізіліміне қауіп төнген еді.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі КҚК арқылы мұнай тасымалдауға қатысатын кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптаған болатын. 2026 жылы 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында КҚК инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдап жүрген азаматтық кемелерге шабуыл жасалғаны хабарланған.

Ал Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украина тарапының Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысы бар екенін жоққа шығарған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий