«Кім қиналып жүр? Ақша көтеріп аласыз»: депутат күтпеген мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы желіде өзінің жүзі мен даусын пайдаланған жалған видео тарағанын жазды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Депутат бұл монтаж екенін айтып, халықты алаяқтарға сенбеуге шақырды.
«Демалыс күндері әлеуметтік желіден жүздеген хат келді. Жанашыр жандар менің жүзімді, даусымды пайдаланып жасалған жалған видеоны жолдауда. Жасанды интеллектіні қолданғандар мені құмар ойынға шақырушы ретінде көрсеткен. Мәжіліске аяқ басқалы бері құмар ойынға қарсы күресіп жүргенімді, тіпті соларды жоюға арналған заң жобасы авторларының бірі екенімді білесіздер. Одан кейін де талай норма ұсындым, қабылданды. Күрес тоқтамайды, сондықтан мынадай жалған видеоға сеніп ақшаларыңыздан айрылып қалмаңыздар!», - деп жазды депутат.
Мәселені жай қалдырмауға бекінген халық қалаулысы Мәдениет және ақпарат министрі мен Ішкі істер министрлігіне ресми арыз жолдағанын хабарлады.
Депутат соңғы уақытта жиілеп кеткен киберқылмыс пен жеке деректердің қорғалуына қатысты құзырлы органдардың жұмысын сынға алды.
«Жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық технологияны, интернетті дамыту жақсы дүние. Бірақ осындай алаяқтық әрекеттен халықты қорғауды да қоса ойлау керек. Халықтың жеке деректері тарап кеткенде мыңқ етпеген уәкілетті органдар тек интернет бағасын қымбаттатқан монополистердің жағдайын емес, елдің қауіпсіздігін ойлау керек!», - деп жазды Нартай Аралбайұлы
Соңғы жаңалықтар