"Күдіктілерді қорғамақ болған": Петропавлда зорлық-зомбылық құрбаны болған қыздың өзі сотталды

14.08.2026 15:07 Мөлдір ҚАЙНАР
146
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Петропавлда өзіне зорлық көрсеткен екі ер адамды ақтауға тырысқан 21 жастағы қыз жалған куәлік бергені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот үкімімен оған тағайындалған жаза шартты деп танылып, бойжеткен колонияға жіберілмеді.

Оқиға 2025 жылдың сәуірінде болған. Тергеу мәліметінше, пәтерде төрт жігіт қызды күштеп ұстап, оның екеуі зорлық-зомбылық көрсеткен. Қашып шыққан қыз бастапқыда полицияға болған жағдайды егжей-тегжейлі айтып бергенімен, кейін арызын қайтарып алуға тырысып, бәрі өзара келісіммен болды деп жауабын өзгерткен.

Тергеу барысында күдіктілердің бірінің туыстары ұсынған хат-хабарламалардан айыптаудан бас тартқаны үшін 1,5 млн теңге туралы сөз болғаны белгілі болған. Сараптама қыздың алғашқы жауабын қысымсыз бергенін растады.

Сот өзге де дәлелдерді негізге алып, қос күдіктіні 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Осыдан кейін ауыр қылмыс бойынша жалған айғақ бергені үшін қыздың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сотта қыз кінәсін мойындап, жігіттерге "көмектескісі келгенін" айтқан. Прокурор 4 жыл жаза сұрағанымен, Петропавл қалалық сотының судьясы Тахмина Собирова оған түзелуге мүмкіндік берді.

Сот үкімімен тағайындалған 5 жылдық жаза Рақымшылық заңына сәйкес 3 жыл 4 айға дейін қысқартылып, шартты түрде белгіленді. Бойжеткен сот залынан пробациялық бақылаумен босатылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий