«ЛОТТЕ Рахат» басшысы компания төңірегінде тараған негізсіз ақпаратқа жауап берді
«ЛОТТЕ Рахат» компаниясының басқарма төрағасы Ахмед Ахраров кәсіпорын өніміне қатысты тарап жатқан түрлі алыпқашпа әңгімелер мен бәсекелестік мәселесіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz порталы POVestka телеграм-арнасына сілтемемен.
Басқарма төрағасы мемлекеттің адал бизнесті қорғауы маңызды екенін атап өтіп, жалған мәліметтер өндірушінің беделіне ғана емес, тұтынушылардың отандық өнімге деген сеніміне де нұқсан келтіретінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, тұтынушылар мен БАҚ өкілдерінің тауар сапасын ашық талқылағаны бизнеске пайдалы болғанымен, кез келген мәлімдеме нақты деректерге негізделуі тиіс.
«Біз ашықпыз және зертханалық тексерулер мен заң талаптарына негізделген сапа мәселелерін талқылауға әрқашан дайынбыз. Дегенмен қазіргі таңда отандық өндірушілер өзара ғана емес, қаржылық және маркетингтік мүмкіндігі зор ірі халықаралық компаниялармен де бәсекеге түсіп жатқанын ескеру қажет. Мұндай компаниялар өз брендін ілгерілетуге және нарықты жаулап алуға жылдар бойы қыруар қаржы құя алады. Осындай жағдайда бәсекелестіктің теріс ақпараттық фон қалыптастыру арқылы емес, құқықтық алаңда және өнім сапасы арқылы жүргені өте маңызды. Алайда соңғы уақытта біз мәнмәтіннен жұлынып алынған, эмоцияға берілген және тексерілмеген ақпараттың тарап жатқанын байқадық. Талқылаудың мұндай форматы тұтынушыларға объективті мәлімет бермейді және өнім туралы теріс түсінік қалыптастырады», – деді Ахмед Ахраров.
Қазақстандағы ең ірі кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындардың бірі тұтынушылардың ұзақ мерзімді сенімі жалаң мәлімдемелермен емес, тұрақты сапа және ашық жұмыспен қалыптасады деп есептейді. Компания басшылығы әлеуметтік желілерде ешкіммен сөз таластырмайтынын, оның орнына өндірісті жақсартуды жалғастырып, тәтті өнімдерінің сапасын растайтын барлық құжатты ұсынуға әрқашан дайын екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар